Мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Аманжол Мырзабеков Сарысу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында аудан басшысы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен, сондай-ақ облыс әкімі Дастан Рыспековтың бастамасы аясында ауданда жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға, әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына және алдағы кезеңге белгіленген жоспарларға кеңінен тоқталды.
Жиында округте атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жан-жақты баяндалды. Атап айтқанда, қазіргі таңда Сарысу ауылдық округінде таза ауыз сумен қамту және ауылішілік жол мәселелері толықтай шешімін тапқан. Сонымен қатар Сарысу ауылына дейінгі автокөлік жолына тиісті деңгейде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Кездесуде тұрғындар тарапынан қойылған өзекті сұрақтар мұқият тыңдалып, әрқайсысына аудан әкімі тарапынан нақты әрі жан-жақты жауаптар берілді. Көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны айтылды.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды толғандырған мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтіп, жергілікті атқарушы органдар тарапынан халықпен тығыз байланыс алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Ауылдықтар көгілдір отыннан үмітті
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков Борсеңгір ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Жиын барысында биылғы жылы ауылда атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, электр желілері жөнделіп, ауыз су жүйесі толық жаңартылған. Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен көптен күткен мал қорымы салынды. Ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, қазіргі уақытта тиісті құжаттары рәсімделу үстінде. Балаларға арналған футбол алаңы салынып, ойын алаңдары жаңартылды. Сондай-ақ, ауылға дейінгі автокөлік жолын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан табиғи газ тарту мәселесі де көтерілді. Аудан әкімі бұл мәселе мемлекеттік бағдарлама аясында қарастырылып жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта аудан орталығы – Ұлытау ауылы мен Жезді кентіне қатысты жоба дайындалып жатқанын жеткізді. Ал Борсеңгір ауылы мен басқа да шалғай елді мекендерге қатысты ұсыныстар облыстық басқармаға жолданатын болады.
Жиын соңында аудан басшысы тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелгенін, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатындығын айтты.
Ауылдардың дамуы ауыл әкімдерінің қолында
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов жұмыс сапарымен Терісаққан және Шеңбер ауылдарына барып, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Сапар барысында аудан басшылары ауыл тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік нысандардың жай-күйіне назар аударды. Атап айтқанда, Терісаққан ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт пен білім беру мекемесінің жұмысы қаралды.
Кездесу кезінде аудан әкімі облыс әкімі Дастан Рыспековтың тікелей қолдауымен ауданда жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын бірқатар маңызды жобалар жөнінде кеңінен баяндады. Сонымен қатар елді мекендерді дамытуға бағытталған жоспарлармен бөлісіп, нақты жұмыстарға тоқталды.
Биыл Терісаққан ауылында жабық футбол спорт алаңы салынды. Сондай-ақ ауылға жаңа жедел жәрдем көлігі беріліп, қазіргі таңда тұрғындарға қызмет көрсетуде. Елді мекенге кіреберіс жолға тас төселіп, сұағарлар қайта жөнделді, жолдарды тегістеу жұмыстары жүргізілді. Ауылға келген жас мамандарға барлық қажетті жағдай жасалып отыр. Алдағы жылы да жас мамандарды қолдау мақсатында тұрғын үйлерді жөндеп беру жоспарлануда.
Ал Шеңбер ауылында демеушілік қаражат есебінен футбол алаңы салынса, бюджет қаржысына балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Келер жылы бұл елді мекенде де әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағытта бірқатар жұмыстарды жүзеге асыру жоспарланған.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, аудан әкімі мен тиісті сала басшылары заңдылық талаптарына сәйкес нақты жауаптар берді. Барлық көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетіні айтылды. Сонымен қатар аудан басшысы елді мекендердің дамуына ауыл әкімдерінің тікелей жауапты екенін атап өтіп, бюджеттік өтінімдер мен нақты сұраныстарға сәйкес қаржы бөлінетінін жеткізді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
