Ұлытау облысында Энергетиктер күні сала мамандары марапатталды

Ұлытау облысында Энергетиктер күні энергетика саласында еңбек етіп жүрген бірқатар мамандарға құрмет көрсетілді. Салтанатты іс-шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан сала қызметкерлеріне Ұлытау облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Марапаттарды облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов табыс етіп, энергетиктердің өңір өміріндегі маңызды рөліне тоқталды.

— Энергетика саласы – өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды бағыт. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында облыстың өндірістік әлеуеті артып, тұрғындар үздіксіз әрі сапалы энергиямен қамтылып отыр. Әрқайсыңызға адал қызметтеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Ұлантай Үсенов.

Іс-шара барысында сала ардагерлері мен жас мамандардың еңбегі ерекше аталып, оларға алдағы жұмыстарына табыс пен кәсіби жетістіктер тілектестігі білдірілді.

Энергетиктер күні – ел дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін бағалап, құрмет көрсетуге арналған маңызды мереке.