Қарағанды облысында дәрі-дәрмек қоры үш айлық норманы құрайды

Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынына дайындық кезеңінде дәрі-дәрмек қоры қамтамасыз етіліп, емханалар мен ауруханаларды жабдықтау күшейтілді.

Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасында өткен брифингте мәлімдеді.

— Ауруханалар, емханалар мен дәріханалар үшін қажетті дәрі-дәрмек қорын толықтырдық. «Фармация» СК-мен препараттардың қосымша көлеміне өтінімдер жасалды. Қазір дәрі-дәрмек қоры үш айлық норманы құрайды. Оның ішінде диспансерлік есепте тұрған барлық пациенттер қажетті дәрі-дәрмек қорын қаңтар айын қосқанда үш айға алады, — деп хабарлады өңір басшысы.

Дәріханаларда сату үшін қосымша қолжетімді бағамен «Азитромицин», «Дексаметазон», «Ибупрофен», «Левофлоксацин», «Надропарин», «Ривароксабан», «Цефтриаксон» сияқты препараттар сатып алынады. Бұл сырқаттанушылық маусымы жоғарылаған кезде дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, облыста 1 млрд теңгеге дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қоры құрылды. 80 мың пакет вирусқа қарсы препараттар, 1 100 мың пакет ыстықты түсіретін, 200 мың пакет бактерияға қарсы препараттар сатып алынды. Дәрі-дәрмектің бұл көлемі бөлшек дәріхана желісінде сатуға арналған.

Жеңіс Қасымбек ауруханаларға қандай жаңа жабдықтар берілгені туралы да айтып берді. 223 ӨЖЖ аппараты, 2 500 оттегі концентраторы, 2 600 пульсоксиметр, 40 сандық рентген аппараттары сатып алынды. 25 госпитальде орталықтандырылған медициналық газ беру жүйесі орнатылған.

Облыста 18 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істейді. Тағы 4 компьютерлік томограф Шахтинск, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында орнатылған.

Кадр мәселесіне де көп көңіл бөлінеді, деп атап өтті облыс әкімі. Өңірлерге жұмыс істеуге келген медицина қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үй беріледі. Биыл 120 пәтер қамтамасыз етілсе, келесі жылы тағы 400 пәтер дайын болады.

Азаматтық жауапкершіліксіз жасырын вирусты жеңу мүмкін болмайды, деп атап өтті аймақ басшысы.

— Өздеріңізді күтіңіздер, міндетті түрде бетперде киіңіздер, қашықтықты сақтаңыздар! Сіздердің айналаңызда санитарлық ережелерді елемейтін адамдарға ескерту жасаңыздар. Сіздердің өз денсаулықтарыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарауыңыз біздің дәрігерлерімізге көрсеткен қолдауларыңыз болып табылады, — деді Жеңіс Қасымбек қарағандылықтарға.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.