Денсаулық сақтау саласының үздіктері марапатталды

Бүгін Ұлытау облысында денсаулық сақтау саласының бірқатар үздік маманы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы төсбелгілері мен медальдарымен марапатталды. Салтанатты шараға қатысып, абзал жандарға марапаттарды Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов табыс етті.

Өз құттықтау сөзінде әкім орынбасары медицина қызметкерлерінің қоғам үшін атқарып жатқан еңбегіне жоғары бағасын берді:
«Сіздердің халық денсаулығы жолындағы адал қызметтеріңіз – зор құрметке лайық. Күн демей, түн демей атқаратын еңбектеріңіз өңіріміздің өркендеуіне тікелей үлес қосып келеді», — деді Алмаз Серікболұлы.

Шара барысында дәрігерлер мен медицина ұйымдарының қызметкерлеріне ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медальдары, сондай-ақ «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ Үздік қызметкер төсбелгілері табыс етілді.

Марапат иелері бұл құрметті өз еңбектеріне көрсетілген сенім мен жаңа серпін ретінде қабылдайтындарын атап өтті.