Ұлытау облысы бойынша кадрлық ахуалдың жай-күйі талқыланды
Департамент басшысы Е.Ермаханбетовтың төрағалығымен Жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің персоналды басқару қызметкерлері және Әдеп жөніндегі уәкілдермен семинар-кеңес өткізілді.

Семинар-кеңесте Ұлытау облысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің жай-күйі мен кадр саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі арқылы өткізіліп жатқан конкурс процедурасы мен бос лауазымдарды толтыру, мемлекеттік қызметшілерді ротациялау мәселесі, оқыту және тағылымдама, «Е-қызмет» ақпараттық жүйесіндегі мемлекеттік қызметшілердің жеке істеріндегі әрбір деректердің толықтығы мен өзектілігі, бірыңғай кадр жүйесіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың жеке істерін толтыру сапасы сондай-ақ, өңірлік кадр резерв мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша жүргізілген мониторингтер мен анализ қорытындылары тыңдалды.
Сонымен қатар, Департамент басшысы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер жөнінде ақпарат берді, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану шаралары, ротациялау шеңберінің кеңейтілуіне қатысты жаңалықтарды түсіндірді.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын және Әдеп кодексін сақтау мәселелері мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы туралы Департаменттің басқарма басшылары баяндама жасады.
Айта кету керек, Департамент өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметтерінің жұмысын үйлестіріп, әдіснамалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
Шара барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, туындайтын мәселелердің тиімді шешу жолдарын талқылады.
