Нақыл сөздер – өмірдің айнасы

Адамның даналығы көңілінің көсемдігінен көрінетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Кейбір адамдар бойындағы қабілетін дер кезінде көрсете алмай, уақыт өте келе байқатуы мүмкін. Міне, сондай азаматтың бірі – Жанат Байсалбеков. Ол Ұлытау ауданы Сарлық ауылының тумасы. Қазір Сәтбаев қаласында тұрады.
Жәкең кейінгі жылдары қолы сәл қалт еткен сәтте, қоғамдағы қатынастарға, әлеуметтік мәселелерге, әдептілік, адалдық тақырыптарына жүрек толғанысымен қалам тербеп, нақыл сөздерді жазып жүрген ойлы азамат. Мұндай қабілет оған өзі туып өскен, киелі мекен – Сарлық ауылының қасиетті топырағынан дарыса керек.
Біз бүгін, жерлесіміз Жанат Қанайұлының терең ой мен тағылымға толы нақыл сөздерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯДАН.

▶ Жалтақтық пен жағымпаздықты жасыра алмайсың, сыртыңнан сыр беретін сыйпатың ішіңе де сыймайды.
▶ Қазан отсыз қайнамайды, адам ойсыз қорғанбайды. Қазан ошақта тұрғанмен күйені от салады, адам өз тағдырымен оңаша тұрғанмен кірді өзгелер жағады.
▶ Тіліңмен емес, тірлігіңмен танымал бол! Табыс та тартымды іспен серіктес.
▶ Дүрбелеңді дүниенің кеңдігі де, кемдігі де бар.
▶ Адамгершілік – атақ, марапаттан қымбат қасиет.
▶ Біреудің дәрежесі мен дәулетіне қызықпаңыз, барыңызды дәріптеген дұрыс.
▶ Талпынғанды талғамы тартады, құныққанды құлқыны құртады.
▶ Дүниеңнің көптігін емес, көңіліңнің кеңдігін көрсет.
▶ Тән сұлулығы тұрақтамайды,
Жан сұлулығы жоғалмайды.
▶ Төрде отырсаң да төмендегіні сыйла, сыйластық – ең қымбат сый!
▶ Керегіңде көрінбеген, керегінде іздейді.
▶ Мінезін менмендік пен мақтаншақтыққа малып, төмен түйсігіне тілін тіркеп алатындарды тыңдамаңыз!
▶ Керіскен кеңеймейді, кеңескен кемімейді.
▶ Үнсіздікте шындықтың үні барын ұғатындар ғана біледі.
▶ Құрметтің төріне шығып алып, қошеметшілер қауымын ұмытып қалма!