Еңбегімен елеулі
Еңбек адамы қашанда елдің баласы. Ерінбей еткен еңбектің берекесі де мол болмақ. Бүгінде елімізде жұмысшы мамандарға құрмет көрсету алдыңғы орында тұрған мәселе. Ең бастысы, әр адам өз жұмысына ыждағаттылықпен, жауапкершілікпен қараса болғаны. «Еңбек етем, жағдайымды жақсартам» деген азаматтар – әркез тынбай еңбек етіп жатса, ізгі арманына қол жеткізе алады. Сондай байыпты азаматтың бірі – Төлеубек Айманов. Ол бақытын еңбектен тапқан жан. «Табыс кілті – еңбекте» екенін ерте ұғынғандығынан болар, жастайынан көлікті тізгіндеп, бүгінде елудің белесіне шықса да өмірінің отыз жылын жол үстінде өткізіп келе жатқан автокөлік жүргізушісі.

Қазір ол – Шеңбер ауылдық округі әкімінің көлік жүргізушісі. Бұл салада еңбек еткеніне де он жеті жылдай уақыт болыпты. Осы аралықта 7-8 әкім де ауысты. Солардың бәрімен Төлеубектің сыйластығы түзу. Әкім болған азаматтардың да оған өкпе-назы жоқ. Барлығы оның атына жақсы пікір айтуда. Олай болатын реті де бар. Тәуліктің кез-келген сағатында Төлеубектің көлігі жолға сақадай-сай тұрады. Әкімшілік тарапынан берілген тапсырмаларды да мүлтіксіз орындайды. Әрдайым өз ісіне мығым жігіт, жұмысында да абыройсыз емес. Өз ортасында сыйлы. Ол қарапайым жүргізуші болғанымен, ауыл халқы алдында беделді. Жерлестері де оны құрмет тұтады, қадірлейді. Төлеубектің де ауылдастарына деген пейілі кең. Қалаға бара қалса, ауыл халқының тапсырған заттарын базар жағалап алып жүргені. Осындай қасиетімен ауылдықтарға қадірлі. Ешкімді ренжітпеуге тырысады. Қашан көрсең де адамдық қалпынан айнымаған өнегелі азамат. Қазақы әдепті бұзбаған, сыйластықтың сырын білетін жан.
Бүгінгі күні Төлеубек Советұлы берекелі жанұяның отағасы. Зайыбы Айнұр екеуі төрт бала тәрбиелеп-өсіріп, бақуатты ғұмыр кешіп отырған үлгілі отбасы.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
