«Қазақмыс» әлеуметке бағдарланған Қазақстандағы ең үздік компания ретінде танылды

Астанада  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында бас жүлдені Ұлытау облысының «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС алды. Марапатты корпорация басшылығына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.

Жоғары баға компанияның өзіне қатысы бар өңірлердегі өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы ауқымды әрі жүйелі жұмысын растайды. 2025 жылы «Қазақмыс» өңірлерді дамытуға және қызметкерлерді қолдауға 90 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Ол тұрғын үй, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамыту, білім беру, спорт және қызметкерлерді қолдау сияқты негізгі бағыттарды қамтыды.

Компания жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелерін сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасын кеңейтті. Тұрғын үймен қамту мәселесі айтарлықтай күшейтілді: 60-тан астам отбасы жаңа қызметтік баспанамен қамтылды. Қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейі артты – төлемдер көбейтіліп, қосымша кепілдіктер мен қолдау бағдарламалары енгізілді, жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды.

Корпорация өңірлерде өмір сүру мен кәсіби өсу үшін жағдай жасап, білім беру, спорт, мәдениет және инфрақұрылым нысандарын дамытуды одан әрі жалғастыруда.

«Қызметкерлерге, олардың отбасына және өңірдің әрбір тұрғынына қамқорлық жасау – біздің бұлжымас қағидамыз. Әрбір әлеуметтік жоба – бұл адамдарға және аумақтардың болашағына салынған инвестиция. Бұл марапат – әрбір қызметкеріміздің және компанияның қатысы бар қалалардың дамуына үлес қосып отырған өңір тұрғындарының еңбегі. Мен ұжымға еңбегі, бастамашылдығы және өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын», – деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев.

«Парыз-2025» сыйлығы «Қазақмыстың» өңірлердің тұрақты дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығына қосып отырған үлесін растайды және осы жұмысты одан әрі нығайтуға ынталандырады.