Қарағанды облысында екі мобильді көліктік бақылау бекеті жұмыс істей бастады
Қарағанды облысының көлік инспекциясының автопаркі екі жаңа машинамен толықты. Автокөлік сатып алуға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жылжымалы бекеттер үлкен жүк ағыны байқалатын бағыттардағы автожолдарда жұмыс істейтін болады.
Машиналар көліктік бақылау жүргізу үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Жүк көлік құралдарын өлшеуге арналған жылжымалы таразылар мен жабдықтар бар. Бақылаушылар орнында жүк көліктерінің жүктемесі мөлшерден асырылған немесе аспағанын анықтай алады.
Автомобильдің төбесінде және салонының ішінде бейнекамералар орнатылған, олардың бейнесі онлайн режимінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің ахуалдық орталығына беріледі. Кез келген адам инспекторлардың жұмысын бақылай алады.
Мобильді бекеттер көліктік бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл жөнделіп жатқан жолдарды сақтау үшін қажет. Бүгінде облыста автотрассалардың 80%-дан астамы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Бұл көрсеткіш жоғарылап келеді – жолдарды жөндеу ауқымы жылдан жылға артып келеді.
Бекеттердің бірі Жезқазған өңірінде орналасатын болады. Екінші жылжымалы бекет Қарағанды, Абай, Бұқар Жырау, Нұра, Осакаров, Шет және Қарқаралы аудандарының жолдарында жұмыс істейді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.