KGIR-2025 аясындағы жаңа мүмкіндіктер
Астанада Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, ел экономикасына жаңа серпін беретін аса маңызды шара – Жаһандық инвестициялар-2025 (KGIR-2025) атты жыл сайынғы дөңгелек үстел өтті. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің
қатысуымен өткен форумның басты тақырыбы: «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан орнықты экономикалық даму орталығы ретінде» деп белгіленді.

KGIR-2025 – ірі халықаралық алаң. Шараға әлемнің 55 мемлекетінен 1000-нан астам делегат келді. Олар экономикалық даму, инвестиция тарту, жасыл экономика, цифрландыру, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік өзгерістер сынды стратегиялық мәселелерді талқылады. Басқосу барысында Қазақстанның жаһандық трансформация дәуірінде орын алатын рөлінің маңыздылығы мен әлеуеті кеңінен талқыланды.
Форум алаңын тиімді пайдаланған аймақтың бірі — Ұлытау облысы болды. Облыс әкімі Дастан Рыспеков әлемдік және отандық ірі инвесторлармен кездесіп, өңірдің әлеуеті туралы кеңінен баяндады.
Ұсынылған жобалар шетелдік серіктестердің қызығушылығын тудырып, нәтижесінде төрт ірі компаниямен — Harvest Agro Holding (Швейцария), Chengdu Sepmem Energy (Қытай), BKN Techbuild (Қытай), Sairen Group (Қытай) – ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Жобалардың жалпы құны – 150 млн АҚШ долларынан асады.
Орайы келгенде айта кетейік, бұл меморандумдардың негізгі бағыты – ауыл шаруашылығын дамыту (әсіресе, мал және жем-шөп өндірісін күшейту), құрылыс саласына жаңа технологиялар енгізу, энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту болды.
Жасалған келісімдер арқылы іске асырылатын жобалар Ұлытау облысында жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экономикалық әртараптандыруға, өңірдің экспорттық әлеуетінің артуына, заманауи инфрақұрылымның қалыптасуына ықпал етпек.
Бұл – шалғай өңір саналатын Ұлытау үшін халықаралық деңгейдегі алғашқы қадам емес, бірақ ірі инвесторлардың сенім артуы – өңірдің келешектегі даму мүмкіндіктерін одан әрі нығайтады.
– Ұлытау – тарихи маңызы зор өңір ғана емес, қазіргі заман талаптарына сай дамып келе жатқан аймақ. Біздің мақсатымыз — инвестициялық ахуалды жақсартып, шетелдік серіктестермен тиімді ынтымақ орнату, — деп атап өтті облыс әкімі форумда сөйлеген сөзінде.
Форум аясында Ұлытау өңірінің ұсынылған мүмкіндіктері мен инвесторлардың қызығушылығы ел экономикасына ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететіні анықталды.
«Жаһандық инвестициялар-2025» – Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін әлемге таныстыратын үлкен алаң. Бұл шара жыл сайын жаңа идеяларға, келісімдерге жол ашып келеді. Ұлытау облысы үшін бұл – кең байтақ өңірдің әлеуетін әлемге дәлелдеу жолындағы бірегей мүмкіндік. Осы серпінді бастамалар өңірдің ғана емес, елдің де экономикалық дамуына айрықша үлес қоспақ.
Ізбасар ОЙБАС.
