Орманшылар – марапат төрінде

Сапар орталығында Орманшылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Табиғат байлығын көздің қарашығындай қорғап жүрген орманшылар қауымына арналған бұл мереке жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы басқосу ерекше мазмұнға толы болды. Шараға сала ардагерлері, қазіргі таңда еңбек етіп жүрген қызметкерлер және аудан басшылығы қатысты.

Жиынды ашқан Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, орман саласының өңір экологиясын сақтаудағы, табиғат байлығын қорғаудағы маңызды рөлін атап өтті.
– Сіздер орман шаруашылығы саласымен қатар, ауданымыздағы мәдени іс-шараларға, экологиялық акцияларға да белсене қатысып келесіздер. Бұл – туған жерге, қызмет етіп жатқан өңірге деген зор құрмет пен жанашырлықтың айқын көрінісі. Осындай азаматтық ұстанымдарыңыз үшін өз атымнан шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Мереке барысында еңбек озаттары мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Ғалым Қойшыбаев бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Бауыржан Жанпейісов, Әсет Сейілханов, Роза Жүнісова аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ Ғалым Қойшыбаевтың өзі Ұлытау ауданының Құрмет грамотасына ие болды.
Шарада сонымен қатар, Ұлытау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Закария Туралиев орманшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Құрмет грамотасын мемлекеттік инспектор Сәлкен Тұрарұлына табыс етті.
Салтанатты жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, орманшыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем ән мен күмбірлеген күй табиғат қорғаушыларының мерейін үстем етті.
Орманшылар күні – тек кәсіби мереке ғана емес, туған жер табиғатына деген сүйіспеншілікті дәріптейтін, елге еңбегі сіңген азаматтарды ұлықтайтын мәнді мейрам.

Ізбасар ОЙБАС.