МӘМС: Жүрекке кардиовертер-дефибриллятор орнатылды
Ұлытау өңірінің денсаулық сақтау саласында ел тарихына енетін елеулі оқиға орын алды. Жезқазған қалалық медициналық орталығында алғаш рет жүрек дертіне шалдыққан науқастарға заманауи құрылғы – кардиовертер-дефибриллятор орнатылды. Бұған дейін мұндай жоғары технологиялы оталар тек Астана мен Алматы секілді ірі қалаларда ғана жасалатын.
Жүрек ырғағы бұзылып, өміріне қауіп төнген бес бірдей науқастың күрделі отасы сәтті өтіп, олардың өмірін жалғауға мүмкіндік туды. Бұл – тек жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің үлкен жетістігі.
Аталған операциялар Астанадағы UMC Heart Center мамандарымен бірлесіп, Med Co және Biotronik Kazakhstan компанияларының қолдауымен жүзеге асты. Ең бастысы – бұл күрделі ем-дом міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің арқасында науқастарға тегін көрсетілді.
Операцияны елімізге танымал аритмолог, UMC Heart Center-дің интервенциялық аритмология бөлімінің меңгерушісі Өмірбек Нуралинов тікелей өзі жүргізіп, жезқазғандық кардиологтармен тәжірибесімен бөлісті. Дәрігердің бұл ісі – жергілікті мамандар үшін таптырмас мүмкіндік болды. Ендігі жерде жезқазғандық дәрігерлер дәл осындай жоғары технологиялы оталарды өз бетімен жасауға дайын.
Жоспар бойынша, жыл соңына дейін Жезқазғанда осындай бес ота жасалмақ. Осы мақсатқа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакетінен 43 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Бұл да болса медициналық қызметтің халыққа қолжетімді болуын көздеген жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Кардиовертер-дефибриллятор – жүрек ырғағын тұрақты бақылап отыратын шағын құрылғы. Егер жүрек кенеттен қалыпты соғуын тоқтатса немесе қауіпті аритмия пайда болса, құрылғы арнайы электрлік импульс арқылы жүректің жұмысын қайта қалпына келтіреді. Оны көбіне инфаркт алған, жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан немесе кенеттен жүрек тоқтау қаупі жоғары адамдарға орнатады. Құрылғы 12 жылға дейін қызмет етеді, кейін ол жаңасына ауыстырылады.
Бұрын бұл операцияларды тек республикалық деңгейдегі ірі ауруханаларда жасау мүмкін еді. Оның өзінде де құны 8–10 миллион теңге шамасында болатын. Енді Жезқазғанда да осындай маңызды ем қолжетімді болып отыр.
Аталған жаңалық тек бір күннің жетістігі емес. Бұл – жылдар бойы жасалған еңбектің жемісі, денсаулық сақтау саласына деген мемлекеттік көзқарастың, МӘМС жүйесінің тиімділігінің нақты көрінісі. Ең бастысы – осының барлығы елдің ертеңі үшін, халықтың амандығы үшін жасалып отыр.
Диана ОРАЗАЛИНА.