«Дәри-дай» ақынды дәріптеген дәстүрлі әдеби байқау өтті

Шеңбер ауылында ұлағатты ұстаз, дүйім елге «Дәри-дай» атымен танылған талантты ақын Мұхамбетқали Сейтқазиновтың құрметіне арналған «Мұқаш ағаның ақын шәкірттері» атты әдеби байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл байқау биыл екінші мәрте өткізіліп отыр. Дәстүрлі шараның басты мақсаты – қазақ айтыс өнерінің дүлдүлі, сөз зергері Мұқаш ағамыздың шығармашылық мұрасын дәріптеу, жас ұрпақ бойында поэзияға деген сүйіспеншілікті арттыру, ақындық өнерге баулу.

Шараның шымылдығы әсем әнмен ашылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұдан соң ақынның өмір жолы мен шығармашылық өрісін танытатын бейнеролик көрсетілді. Кеш барысында қатысушы мектептердің жетекшілеріне Мұқаш Сейтқазиновтың өлеңдері топтастырылған интерактивті кітап естелік ретінде табыс етілді. Бұл жинақ ұстаз-ағаның шығармашылық мұрасын ұрпақ жадында жаңғыртатын рухани сый болды.
Байқауға «Ұлар» әдеби клубының мүшелері — Медет Қарахметов, Жанат Әбдіғожин және Мұқағали Сейтқазы төрелік етті. Ал, кештің тізгінін Қанат Мусин ұстады.
Сайыс екі бағытта өтті. Бірінші кезек – «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп аталды. Мұнда қатысушылар ақын өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқыды. Екінші бөлім – «Мұқаш ағаның ақын шәкірттері» деп аталып, жас жазба ақындар өзара сайысты. Мұнда үміткерлер өз туындыларын оқумен қатар, қазылар алқасы ұсынған екі жолды өз ұйқастарымен жалғастырып, суырып салмалық қабілеттерін де байқатты.
Көркемсөз оқу бағыты бойынша №2 Қорғасын орта мектебінің оқушысы Ділназ Төлеу І орын жеңіп алды. Ал, ІІ орынды №3 Аманкелді орта мектебінің оқушысы Айзере Хасен мен Жезді кентіндегі №6 тірек мектебінің оқушысы Інжу Абзалбек өзара бөлісті. Бұл бөлімнің ІІІ орыны №14 Алғабас орта мектебінің оқушысы Назым Нығметжан, Қарсақбай кентіндегі №15 тірек мектебінің оқушысы Халид Бекмағанбет және Ақтас кентіндегі №12 НОМ оқушысы Айару Серікке бұйырды.
Жазба ақындар сайысы бойынша Таңшолпан Дулатқызы (І орын – №2 ЖББМ), Балым Әбдіғазы (ІІ орын – №17 ЖББМ), Тұрсынай Әбіл (ІІ орын №9 ЖББМ), Аружан Қуаныш (ІІІ орын – Жезді мектеп-интернаты), Жанару Төлеубек (№1 тірек мектебі), Таңшолпан Алпысбай (№6 тірек мектебі) топ жарып, лайықты бағаларын алды.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Ал барлық қатысушыларға ұйымдастырушылардың Алғыс хаттары ұсынылды.
«Мұқаш ағаның ақын шәкірттері» байқауы – жас буынның шығармашылық әлеуетін оятып, туған жерден түлеп ұшқан дарынды ұстаз-ағаның өнегелі өмірі мен поэзиясын насихаттайтын тағылымды дәстүрге айналып келеді.

Ізбасар ОЙБАС.