Шетелдік инвесторлар қызығушылық танытуда
Ұлытау өңірінің экономикалық даму бағытына халықаралық компаниялардың қызығушылығы артып келеді. Бұл жолы облыс әкімі Дастан Рыспеков Швейцарияның Harvest Holding компаниясының басшысы Алмаз Альсеновпен кездесу өткізіп, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде тараптар өзара тиімді әріптестік орнату және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жолдарын қарастырды. Әкімнің айтуынша, Ұлытау облысы аграрлық бағытта да, өндіріс және көлік қатынасы жағынан да зор әлеуетке ие.
– Біздің өңір ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы табиғи жағдайларымен, кең жер ресурстарымен және ірі көлік дәліздерімен ерекшеленеді. Сондықтан шетелдік компаниялармен серіктестік орнату – жаңа технологияларды тартуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі Дастан Рыспеков.
Harvest Holding компаниясы – халықаралық агробизнес саласында беделді орынға ие ірі швейцариялық холдинг. Компания ауыл шаруашылығы өнімдері мен дақылдарының дистрибуциясы, сақтау және тасымалдау логистикасы, сондай-ақ экспорттық қаржыландыру және сауда несиелерін ұсыну бағытында әлемдік деңгейде жұмыс істейді.
Келіссөз барысында швейцариялық тарап Ұлытау облысының даму бағытына қызығушылық танытып, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру, өнімді қайта өңдеу және экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған бірлескен жобаларды қарастыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар өңірдің инвестициялық әлеуетін жан-жақты зерделеу үшін бірлескен жұмыс тобын құру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл топ ауыл шаруашылығы, логистика және қайта өңдеу салаларындағы нақты жобаларды анықтап, олардың тиімді іске асуына қажетті инфрақұрылымдық және қаржылық тетіктерді әзірлейді деп жоспарлануда.
Мұндай қадам Ұлытау облысы үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктердің бастауы болмақ. Біріншіден, өңірде ірі агрожобалар жүзеге асырылып, өндіріс пен қайта өңдеу көлемі ұлғаяды. Екіншіден, шетелдік технологиялар мен менеджмент тәжірибесін енгізу арқылы өнім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі артады. Үшіншіден, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны күшеймек.
— Ұлытау облысы Қазақстанның даму картасында ерекше орынға ие. Өңірдің табиғи және экономикалық әлеуеті біз үшін қызықты. Біз ұзақ мерзімді және нәтижелі ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз, — деп атап өтті Harvest Holding компаниясының басшысы Алмаз Альсенов өз кезегінде.
Айта кетейік, бұл кездесу облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Ұлытау өңірі бүгінде шетелдік инвесторлармен тиімді әріптестік орнатып, жаңа өндіріс ошақтарын қалыптастыру арқылы ел экономикасына үлес қосуға бет алған.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.