Бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойына орай ел көлемінде «30 жыл – 30 ізгі іс» атты акция қолға алынған болатын. Осы игі бастама аясында Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков №5 өрт сөндіру бөліміне арнайы барып, бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты.
Іс-шара барысында аудан басшысы өрт сөндірушілердің күнделікті қызметіне назар аударып, жеке құраммен кездесті. Қызметкерлердің кәсіби дайындығы, бөлімдегі техника мен құрал-жабдықтардың жағдайы, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Аудан әкімі азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген өрт сөндірушілердің еңбегін айрықша атап өтті.
— Өрт сөндірушілер – қоғамдағы ең жауапты әрі құрметті мамандық иелері. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен батылдықтарыңыздың арқасында аудан тұрғындары өз қауіпсіздігіне сеніммен қарай алады, – деді Аманжол Батырбекұлы.
Бұл кездесу тек бөлім ұжымына ғана емес, барша аудан халқына жігер беретін, өрт сөндірушілердің мәртебесін көтеретін маңызды оқиға болды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысып жүрген қызметкерлерге көрсетілген құрмет – олардың алдағы жұмысына демеу болары сөзсіз.
Аманкелді АҚШАЛ.