Келешекке сенімді қадам
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жаңа Жолдауында еліміздің болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды мәселе – көші-қон тақырыбын көтерді. Бүгінде ел ішінде де, сырттан да келіп жатқан көші-қон ағымын жүйелі түрде реттейтін нақты тетік жоқ. Бұл жағдай еңбек нарығына ғана емес, әлеуметтік инфрақұрылымға да ауыр салмақ түсіріп отыр.
Астананы мысалға алайық. Қала халқының шынайы саны ресми көрсеткіштерден әлдеқайда көп. Соның кесірінен мектеп пен балабақша жетіспейді. Емханаларда ұзын-сонар кезек, тұрғын үйге деген сұраныс еселеп артып отыр. Тіпті қала бюджетінің тең жартысынан астамы осы әлеуметтік шығындарға жұмсалуда. Мұндай жағдайда даму қарқынын тежейтін басты фактор – реттелмеген көші-қон екені айқын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бірыңғай цифрлық жүйе енгізу – дер кезінде қабылданған шешім. Бұл жүйе нақты статистика жинап, ертеңгі күнді болжауға және мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуге жол ашады. Алайда, мәселені шешудің жалғыз амалы – бақылау емес. Президент атап өткендей, көші-қонды басқару экономикалық және әлеуметтік саясаттың өзегіне айналуы тиіс. Яғни, әр өңір халыққа тартымды болуы қажет. Жаңа жұмыс орындары ашылсын. Әлеуметтік нысандар сапалы қызмет көрсетсін, тұрғын үй қолжетімді болсын. Сонда ғана жұртшылық Астанаға ағылмай, өңірлерде тұрақтап, елдің теңгерімді дамуына үлес қоса алады.
Қайрат ӘЛСЕЙІТҰЛЫ,
Жезді кенті әкімі
аппаратының бас маманы.