Президент: Жаһандағы түбегейлі өзгерістер кезінде дін көшбасшылары адамгершілік пен гуманистік құндылықтардың шамшырағы болуы тиіс
Съезд қорытындысы Декларацияда көрініс табады. Мемлекет басшысы барша қатысушыларды оның идеяларын насихаттауға шақырды.
Екі күн ішінде сіздер Съезд жұмысының басты бағыттары мен келешек күн тәртібі туралы ортақ ұйғарымға келдіңіздер. Ол бірлескен қорытынды Декларацияда көрініс табады. Барлық форум қатысушыларын, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерін осы Декларацияның идеяларын белсенді насихаттауға шақырамын. Сіздердің климат өзгерістерімен күрестегі дін басшыларының рөлі туралы құжат әзірлеу, сондай-ақ дін және гуманизм тұрғысынан жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың жалпыға бірдей қағидаттарын қалыптастыру туралы Съезд Хатшылығына берген ұсынымдарыңызды толық қолдаймын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев дін басшыларының климат өзгерісімен күрестегі рөлін және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану қағидаттарын қалыптастыру бастамасын толық қолдады.