Өмір жолы – өнеге

Жерлесіміздің есімі «Қазақстанның Алтын кітабына» енді.
Энциклопедияның мақсаты – алтын жүректі, есімі ел есінде қалып, еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс тұлғаларды бір жинаққа топтастыру. Былайша айтқанда, бұл кітапқа әр саладағы үздіктердің үздігі ғана енеді.

Мұнда сондай-ақ саясат пен бизнес, қоғамдық сала мен ғылым, спорт, өнер мен ағартушылық, мәдениет салаларында жетістікке жетіп ел ішінің қошеметіне бөленген тұлғалардың өмірі жинақталған. Бір сөзбен айтқанда, энциклопедиялық кітап еліміздің дамуына үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп жүрген, жаны нұрға тұнған жақсы адамдар туралы сыр шертеді.
Сондай жанның бірі Ұлытау ауданы, Байқоңыр ауылының тумасы Бақыткүл Жакетаева. Бала кезден алғырлығымен көзге түсе білген Бақыткүл анамыз мектеп қабырғасын аяқтап, 1975 жылы Жезқазған қаласы, Талап елді мекеніндегі Бухгалтерлік ауыл шаруашылығы техникумына түсіп «Бухгалтерлік статистика» мамандығын игереді. Еңбек жолын ауылдағы азық-түлік сатушысы болып бастаған ол, Байқоңыр ауылында отбасымен жеке кәсібін ашып сауда саласын айналдырып отыр. Әлімжан Өтегенұлымен отбасын құрған анамыз 3 ұл, 7 қызды дүниеге әкелген ардақты әке мен алтын құрсақты анамыз үлгілі отбасына айналған.
“Отбасының қамы үшін бастаған кәсібіміз берекесін беріп, елге пайдамыз тиіп отырғанына қуанамыз. Осы кәсібіміздің арқасында балаларымызды құтты орындарына қондырып, немере қызығын қызықтап отырмыз” дейді кейіпкеріміз.
Біз де өлкемізде осындай еңбекқор, жастарға үлгі бола алатын тұлғаларымыздың барына қуанамыз.

Ақтоты ТОҚМЕТОВА.