Жаңа жедел жәрдем көлігі табысталды
Терісаққан ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке жаңа жедел жәрдем көлігі табысталды. Бұл — аудан тұрғындарының көтерген өзекті мәселесінің оң шешім тапқанын білдіреді.
Өткен жылы аудан әкімі Аманжол Мырзабеков ауыл тұрғындарымен кездесуде осы мәселенің көтерілгенін атап өткен болатын. Жергілікті жұртшылықтың сұранысы негізінде мәселе аудандық деңгейде сараланып, облыс басшылығына ұсынылды. Нәтижесінде облыс тарапынан қолдау көрсетіліп, шалғайдағы Терісаққан ауылына заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған жедел
жәрдем көлігі жеткізілді.
Аталған көлік науқастарға алғашқы көмек көрсетуге қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Бұл ауыл тұрғындарының денсаулығын уақытылы қорғауға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, ауданға қарасты сегіз елді мекенге осындай көліктерді жеткізу жоспарланып, қазіргі уақытта Қоскөл және Терісаққан ауылдары қамтылып отыр. Қалған округтерде бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілмек.
Айта кетейік, былтыр Терісаққанда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, қазіргі таңда ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Ауылға арнайы іссапармен барған аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов медициналық мекеменің жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен пікір алмасты.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары ауылда салынып жатқан жабық футбол алаңының құрылыс барысын бақылап, нысанның сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс екенін қадап айтты.
Аманкелді АҚШАЛ.