Сапалы өнім – қолжетімді баға

Облыс орталығы Жезқазған қаласында Ұлытау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен
ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі өтті. Бұл игілікті шара – ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз тіршілігі мен табиғи өнімдерінің тұтынушыға тікелей әрі тиімді бағамен жетуіне жол ашқан ұтымды бастама.

Бұл жолы жәрмеңкеге ауданға қарасты Сарысу, Мибұлақ және Борсеңгір ауылдық округтерінің кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары қатысты. Олар табиғи әрі экологиялық таза өнімдерін тұтынушылар назарына ұсынды. Атап айтқанда, бал қымыз, қой мен сиыр еті, сүт өнімдері – май, қаймақ, құрт, ірімшік сынды тауарлар қала халқына нарықтағы бағадан едәуір төмен бағада сатылды.
Қала тұрғындары бұл өнімдерге ерекше қызығушылық танытып, ауылдың дәмін сағынған жандар бір сәтке туған жердің иісін сезінгендей болды.
Жәрмеңкеге келген Жезқазған қаласының тұрғыны Сәуле апай өз әсерімен бөлісті:
– Мұндай жәрмеңкелер жиі болса екен. Бағасы қолжетімді, әрі ешқандай қоспасыз, табиғи өнім. Әсіресе қымыз бен құртты жиі аламыз. Ауылдағы ағайынға алғысымыз шексіз, – дейді ол.
Ұлытау ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және тұрғындардың азық-түлікке деген сұранысын өтеу бағытындағы бұл жәрмеңкелер жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін ауданға қарасты Шеңбер, Терісаққан, Аманкелді, Қоскөл, Байқоңыр, Ақтас, Алғабас, Қаракеңгір және Егінді ауылдарының жәрмеңкесі табысты өткен болатын.
Алдағы уақытта тамыз айында Ұлытау, Жезді және Қарсақбай елді мекендерінің жәрмеңкелері жалғасын табады деп күтілуде. Бұл – аудан экономикасын дамытуға серпін беретін, ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсететін және тұтынушы үшін пайдалы шаралардың бірі.
Ауыл мен қала арасын жалғайтын алтын көпірге айналған жәрмеңке – шынайы еңбек пен адал өнімнің жарқын көрінісі.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.