Лудомания лаңы
«Қазақстанның Экологиялық қоры» ҚҚ жүзеге асырып жатқан «Қазақстан жастары арасында лудоманияның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар» жобасы аясында жастар арасында тәуелділікке бейім мінез-құлықтың алдын алу, психологиялық тұрақтылықты арттыру және әлеуметтік қолдау жүйесін дамыту мақсатында республика көлемінде ұйымдастырылған ақпараттық-профилактикалық іс-шаралар кешенінің төртінші күні аясында «Индивидуалды консультациялар + Анкеттеу және скрининг» модулі өткізілді.
Бұл шара колледждер мен жоғары оқу орындарының холлдары мен акт залдарында, әлеуметтік-психологиялық кеңес бөлмелерінде, сондай-ақ жылжымалы PSYCHO EXPRESS форматындағы мобильді пункттерде ұйымдастырылды. Нәтижесінде 4924 респондент ерікті түрде анкета толтырып, тәуекелге бейім мінез-құлықтың, соның ішінде азарт ойындарына тәуелділік (лудомания) белгілерінің скринингінен өтті.
Шара мақсаты – ерте кезеңде тәуекел топтарын анықтап, қолдау көрсету. Анкеталау мен скринингтің басты мақсаты – жастар арасында лудоманияға бейімділікті ерте кезеңде анықтау, оларды сенімді әрі құпия жағдайда тестілеуден өткізу арқылы тәуекел тобына бағытталған алдын алу шараларын күшейту. Сауалнама 10 сұрақтан тұратын қысқа форматта жүргізілді. Әр қатысушы тестілеуден соң автоматты интерпретация нәтижесін алып, өзінің тәуекел деңгейін бағалай алды. Қажет болған жағдайда психолог маманның жеке кеңесі немесе психотерапиялық қызметке жолдама ұсынылды.
Нәтижелер не көрсетті?
Скрининг нәтижесі қоғам үшін ерекше өзекті мәселеге назар аудартты:
Қатысушылар саны: 4924 адам;
Олардың 12%-ы – яғни шамамен 590-дай адам – ойынға тәуелділікке бейімділік белгілерін көрсетті;
Бұл қатысушыларға қосымша психологиялық сүйемелдеу, мотивациялық тренингтер мен жеке жұмыс бағдарламасы ұсынылды;
Ерекше тәуекел тобындағы жастардың байланыс деректері тіркеліп, олармен жүйелі профилактикалық және кеңестік жұмыс жүргізу жоспарланды.
Ақпараттық алаңдар мен кеңес беру орталықтары
Шара таңғы сағат 9:00-де басталып, оқу орындарында арнайы ақпараттық бұрыштар орнатылды. Бұл бұрыштарда келесі мазмұндағы материалдар таратылды:
Лудоманияның алдын алу туралы буклеттер мен жадынамалар;
QR-кодтар арқылы онлайн ресурстарға (тесттер, кеңестер, қолдау қызметтері) қол жеткізу мүмкіндігі;
Жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттар.
Жастар бұл бұрыштарда ашық, бейресми форматта мамандардан кеңес алып, анкеталық сауалнамадан өтіп, өз жағдайына байланысты бағыт-бағдар алды.
10:00 – 16:00 аралығында – жеке консультациялар
Күні бойы оқу орындарында еңбек нарығы саласының мамандары, бизнес-кеңесшілер және психологтар қатысушылармен жеке жұмыс жүргізді. Консультациялар келесі бағыттар бойынша өтті:
Алғашқы және уақытша жұмыс табуға көмектесу;
«Бастау Бизнес», 2,5% микрокредит бағдарламалары туралы ақпарат беру;
Enbek.kz, eGov.kz, HeadHunter.kz секілді онлайн платформада тіркелуге көмектесу;
«Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімі», «Бірінші жұмыс орны» секілді мемлекеттік бағдарламаларға жол сілтеу.
Сондай-ақ мамандар жұмыссыздық немесе өмірлік дағдарыс кезіндегі психологиялық күйзелістер мен тәуелділікке бейімділік арасындағы байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өмірлік тұрақтылық пен ішкі мотивацияны қалыптастыруға бағытталған жаттығулар ұсынды.