Қазақстанның денсаулық сақтау саласында 34 негізгі жоба іске асырылып жатыр

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді тұжырымдамасы әзірленді. Құжатта ғимараттар мен құрылыстар, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ кадрлық әлеует сынды негізгі аспектілерді қамтитын денсаулық сақтау жүйесін кешенді түрде дамыту тетіктері қамтылған. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов айтты.

Қазір денсаулық сақтау нысандарының цифрлық картасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба ҚР ЦДИАӨМ Цифрлық үкіметті қолдау орталығымен ынтымақтастықта әзірленіп жатыр.

«2024 жылы республиканың 10 өңірі бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымы объектілерінің цифрлық картасының жобасы әзірленді, цифрлық картаны ҚР ДСМ ақпараттық жүйелерінің деректерімен ішінара интеграциялау жүргізілді. 2025 жылы қалған өңірлер бойынша жобаны әзірлеуді аяқтау жоспарлануда», – деді денсаулық сақтау вице-министрі.

Сонымен қатар озық цифрлық құралдар енгізілуде. Мұндай шешімдердің қатарында ЖИ-болжау модельдері, жасанды интеллект негізінде талдамалық анықтамалар мен ұсынымдарды автоматты түрде қалыптастыру, сондай-ақ қатерлі жағдайларға жедел ден қою үшін тәуекелдерді басқару жүйесі бар. Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде денсаулық сақтау саласындағы 34 негізгі басым жобалармен жұмыс жүргізілуде. Олардың ішінде ұлттық ғылыми орталықтар, перинаталдық және көпсалалы ауруханалар, соның ішінде балалар мекемелері мен университеттік клиникалар бар.

«Бүгінгі таңда үш ірі жоба аяқталды: Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық және Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы. Биыл Алматыда жұқпалы аурулардың Ұлттық ғылыми орталығын пайдалануға беру жоспарда бар. Сонымен қатар әзірленген мастер-кластар негізінде басқа да инфрақұрылымдық жобалар іске асырылмақ», – деді спикер.