Ерлік – мәңгі жадымызда
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы – тек майдан даласындағы шайқастар ғана емес, сонымен қатар тылдағы жанқиярлық еңбекпен өрілген, бүкіл кеңестік халықтың бірлігін, батырлығын көрсеткен тарихтың бетбұрысты сәті болды.
Қазақстаннан майданға 1 миллион 200 мыңнан астам азамат аттанды. Олардың жартысына жуығы елге оралған жоқ. Сол кезеңде қазақ халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тылда аянбай еңбек етті. Әйелдер мен балалар, қариялар – барлығы майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен, оқ-дәрімен қамтамасыз етуде ерекше үлес қосты.
Бүгін біз Жеңіс күнін тек еске алу үшін емес, ерлікке тағзым ету, бейбіт өмірдің құндылығын ұғыну үшін атап өтеміз. Биыл – осы ұлы күннің 80 жылдығы. Бұл – бір ғана цифр емес, бұл – сегіз онжылдық бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы ерлік пен тағзымның тарихы.
Елімізде ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне зор құрмет көрсетілуде. Әр өңірде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, Жеңістің 80 жылдығына арналған медальдармен марапаттау рәсімдері өткізілуде. Бұл – біздің азаматтық парызымыз.
Серік ТАШЕНОВ,
Ұлытау ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы.