Байыпты жанға – лайықты марапат

Жуырда Аманкелді ауылдық округіне қарасты «Әбілғазин Б.» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан ӘБІЛҒАЗИН III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Аталған марапатты «Ауыл шаруашылығы салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Мақсұт Оспанов салтанатты түрде табыс етті. «Әбілғазин Б.» шаруа қожалығы 1992 жылы құрылған. Сол жылы байырғы шопан Нұрсапа Әбілғазин баласы Бақытжанға ата кәсіпті аманат етіп қалдырады. Бүгінде әке өсиетін Бақытжан Нұрсапаұлы адалдықпен атқарып, ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік үлес қосып келе жатқан азаматтардың бірі.
Бақытжан Әбілғазин – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін мал дәрігері мамандығы бойынша тәмамдаған, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты. Қазіргі кезде Бақытжан Нұрсапаұлы ғылым мен тәжірибені қатар ұштастырып, ауыл шаруашылығы саласын ірілендіріп жүрген білікті маман. Ұлытау аймағындағы ұсақ мал тұқымын өсіру бойынша асыл тұқымды ұяң жүнді қой басын өсіріп отырған шаруагер.
Байыпты азаматқа берілген марапат, оған жасалған лайықты құрмет.
Марапат құтты болсын, Бәке!

Қайрат ЖҰМАБАЙ.