«Неке шарты»
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодекстің 39-бабына сәйкес некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi (ерлі-зайыптылықтағы) және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп танылады. Бұдан басқа неке шартында некеде (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтары көзделуі мүмкін.
Жалпы айтқанда, неке шарты немесе неке келісімшарты некедегі ерлі-зайыптылардың және балалардың мүлікке құқығын бекітетін заңдастырылған уағдаластық болып табылады.
Неке шарты ерікті шешім, оны жасасуға немесе жасаудан бас тартуға ешкім міндеттемейді. Неке келісімшарты ажырасудың себебі болуы мүмкін деген жалған сенімнен бас тартқан жөн, әлемдік тәжірибе неке шартын жасасу көп жағдайда некенің бұзылуын болдырмайтынын дәлелдейді.
Неке шартын қандай уақытта жасасуға болады деген сұраққа келетін болсақ, қолданыстағы Кодекстің 40-бабы талаптарына сәйкес, неке шартын некені тіркеуге өтініш берген күннен бастап, некені тіркеу рәсіміне дейін, сондай-ақ, неке кезеңінің кез келген уақытында жасасуға болады. Яғни, неке шартын сіздің өзіңізге қолайлы кез келген уақытта рәсімдей алатыныңызды білдіреді. Алайда, неке шарты, некені тіркеу рәсімінен кейін ғана күшіне енетінін ескерген жөн.
Неке шартында қандай мәселелер қамтылуы мүмкін деген сұраққа Кодекстің 41-бабы талаптарына сәйкес ерлi-зайыптылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген бiрлескен ортақ меншiк режимiн өзгертуге, ерлi-зайыптылардың барлық мүлкiне, оның жекелеген түрлерiне немесе ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкiне бiрлескен, үлестiк немесе бөлек меншiк режимiн белгiлеуге құқылы. Осы тұрғыда, Неке шарты ерлi-зайыптылардың бірлескен немесе жеке қолда бар мүлкiне қатысты да, болашақтағы мүлкіне де, сондай-ақ, мүлікке жасалатын операцияларға да қатысты болуы мүмкін.
Сонымен қатар, неке шартына ерлі-зайыптылар: өзара күтiп-бағу жөнiндегi өз құқықтары мен мiндеттерiн; бiр-бiрiнiң табыстарына қатысу тәсілдерін; өздерінің әрқайсысының отбасылық шығыстар шығару тәртiбiн айқындауға; неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған жағдайда ерлi-зайыптылардың әрқайсысына берiлетiн мүлiктi айқындауға; неке шартына ерлi-зайыптылардың мүлiктiк қатынастарына қатысты өзге де кез келген ережелердi; осы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік жағдайын енгізуге құқылы.
Ерлi-зайыптылар өз мүлкiне бiрлескен, үлестiк немесе бөлек меншiк режимiн белгiлеуге немесе оларды жекелеген мүлік түрлеріне қатысты үлестіруге құқылы. Шартта ескерілмеген мүлік жалпыға бірдей белгіленген заңды режимге бағынады. Бұл ретте неке шартында көзделген құқықтар мен мiндеттер белгiлi бiр мерзiмдермен шектелуi не белгiлi бiр жағдайлардың туындауына немесе туындамауына қарай қойылуы мүмкiн екенін есепке алу қажет. Неке шарты мүліктік мүдделерге қатысты болғандықтан және оларды реттеу үшін жасалатындықтан, онда тиісінше өзге сипаттағы талаптарды көрсетуге болмайды.
Неке шарты ерлi-зайыптылардың құқық қабiлеттiлігін немесе әрекетке қабiлетiн, олардың өз құқықтарын қорғау үшiн сотқа жүгiну құқығын шектей алмайды. Ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк емес жеке қатынастарды, ерлi-зайыптылардың балаларға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн реттей алмайды. Еңбекке қабiлетсiз мұқтаж жұбайдың күтіпбағу қаражатын алуға құқығын шектейтiн ережелерді және Қазақстан Республикасы неке-отбасы заңнамасының негiзгi бастауларына қайшы келетiн басқа да жағдайларды көздей алмайды.
Неке шарты жазбаша нысанда ерлі-зайыптылардың қатысуымен жасалады және міндетті нотариальдық куәландыруға жатады.
Неке шартын бірлескен келісім бойынша кезкелген уақытта өзгертуге немесе бұзуға болады. Неке шартын бұзу немесе өзгерту туралы мәселе неке шарты сияқты, яғни, нотариуста ерлі-зайыптылардың бірдей қатысуымен жасалады.
Неке шартын біржақты орындаудан бас тартуға жол берілмейді, себебі, шарт талаптары ерлі-зайыптылардың екеуіне де міндетті және орындалуға жатады. Егер, келісімге бірлесе жетуге мүмкіндік болмаса, неке шарты сот шешімі бойынша бұзылуға немесе өзгертілуге жатады.
Неке шарты мәмілелердің жарамсыздығы негіздері бойынша толығымен немесе ішінара жарамсыз болып танылуы мүмкін.
Егер неке шарты ерлі-зайыптының бірін қолайсыз жағдайларға қойса немесе осы некеде (ерлі-зайыптылықта) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтарын бұзса, сот неке шартын ерлі-зайыптылардың бірінің талабы бойынша толығымен немесе ішінара жарамсыз деп тануы мүмкін. Егер, неке жарамсыз деп танылса, онда мүліктің құқықтық режимі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің нормаларымен реттелетін болады. Бұл жағдайда ерлі-зайыптылар жасасқан неке шарты жарамсыз деп танылады.
Сәрсен САҒАТОВ,
Ұлытау аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы.