ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ 2025 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ЖОСПАРЫН ТАНЫСТЫРДЫ

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жастар ресурстық орталығының директоры Сәкен Қайратұлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2025 жылға арналған жастар саясатының негізгі бағыттарын таныстырып, жоспарланған іс-шаралар туралы кеңінен баяндады.

«Біздің мақсатымыз – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың әлеуметтік және кәсіби дамуына жағдай жасау. 2025 жылы кәсіптік бағдар беру саяхаты, ашық есік күндері, интеллектуалдық ойындар мен дебат турнирлері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асады», – деді Сәкен Қайратұлы.

Сонымен қатар, «Birlik» еріктілер қозғалысы жастарды әлеуметтік жобаларға белсенді тартуды көздейді. Ал шығармашылық бағытта «Қазіргі қаһарман» қысқа метрлі фильмдер түсіру, Жайдарман ойындары, ақындар айтысы мен әдеби кештер ұйымдастырылады.

Ұлытау облысының жастары үшін бұл бастамалар жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға ықпал етпек.