Тарих қойнауындағы «Таңбалы тас»

Биылғы жылы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасы аясында Ұлытау облысында Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды.

Әулиетаудың етегінде бой көтерген ерекше нысан 2024 жылдың 29 –тамызында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ел игілігіне берілді. Аталмыш нысанда биіктігі 22 метр болатын Мемлекеттік Ту, тұғыртаста Елтаңба, Әнұран бейнеленсе, «Тәуелсіз Қазақстан», «Қазақ хандығы», «Түрік Қағанаты», «Алтын Орда» барельефті қабырғалары, 99 рудың белгісі қашалған «Таңбалы тас» орнатылған. Рәміздер алаңының скульпторы — елімізге белгілі суретші-монументші Ғазиз Ешкенов. Жоба авторының айтуынша, бұл — «Таңбалы тас» орнатылған еліміздегі тұңғыш алаң.