ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚАУҚАРЛЫ КҮРЕС
Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға Ұлытау облысының әкімі Дастан РЫСПЕКОВ, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан ЖОЛДЫБАЕВ қатысты.
Күн тәртібінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, дене шынықтыру және спорт, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша қабылданып жатқан шаралары және ұсынымдарды орындау, спортты қаржыландыру саласын жетілдірудегі іс-шаралар, бюджет қаражатын жоспарлау және игеруде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған тетіктерді әзірлеу Жол картасының іске асырылуы мәселелері қаралды.
Облыс әкімі өңірдегі жол сапасына аса мән беру керектігін алға тартып, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына жол құрылысы мен жөндеу барысында Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен тығыз қатынаста болып, қала-аудан әкімдерімен бірлескен түрде оң нәтижелі жұмыс атқаруды тапсырды.
Сонымен қатар өңір басшысы денешынықтыру және спорт басқармасына спорт мекемелерінде есептік құжаттарын қалыпқа келтіру шараларын тездету, әрі қадағалау органдарымен жұмыс жалғастыру қажеттігін айтты.
Ұлытау облысының әкімі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған тетіктерді әзірлеу жөніндегі Жол картасының әр тармағын уақытылы әрі сапалы орындауды білім басқармасына міндеттеді. Сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін мектептердегі цифрлық құралдарды орнату жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ өңір басшысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты түрде сараптама жүргізіп отыру қажеттігін жеткізді.