Балаңыз қандай кітап оқиды?

Ұлытау аудандық балалар кітапханасы балаларға оқуға арналған қызықты жəне танымдық кітаптар тізімін ұсынады. Балалар кітап оқып, рухани кемелденуді ұмытпаған жөн.

«Ер Төстік»
Атадан балаға дəстүрлі түрде ауызша жеткен ертегілер жас ұрпақты халқымыздың ежелгі этнографиясымен, мəдениетімен таныстырып қана қоймайды, олардың бойына тұрмысы төрт түлік малмен біте қайнасқан қазақ өмірінің өнегесін егеді. Сонымен қатар тағдырлы адамдар мен жан-жануарлардың іс-əрекетін мысал ете отырып, оқырмандарына ой салады, тəлім-тəрбие береді.

Анар Есен, «Сенің қолыңнан келеді»
Балалар мен жасөспірімдерге арналған өмірлік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған тренинг-кітап. Түрлі əдістер мен инструменттер арқылы мақсат қою, уақытты дұрыс жоспарлау, мамандық таңдау, ішкі сезімдер мен эмоцияларды басқару жолдары түсіндіріледі.

«Сыбызғы сыры»
Бір ғажабы, халық ертегілерінің бəрі де ізгіліктің үстемдік құрып, зұлымдықтың жеңіліс табуымен аяқталады. Кейіпкерлері қаншама кедергіге кезіксе де, ақырында барша мұрат-мақсатына жетеді. Ертегіні оқып отырып, оның ерік-жігері мықты, ержүрек кейіпкерлерімен бірге мұңайып, бірге қуанасың.

Байбота Қошым-Ноғай, «Əліппе»
Əліппе баланы қазақ тілінде оқытып үйрету үшін дəстүрлі тəсілдерге негізделіп жасалған. Дəстүрлі тəсілдерді соны амалмен толықтыра отырып, əріптер үндестігін біртұтас графикалық элемент есебінде — буындап оқудың бір бөлігі есебінде ұғынып оқуға (ары қарай жазуға) үйретеді.

Хатидже Кюбар Тонгар, «Сен білмейтін 50 дерек. Ғарыш»
Балалардың қоятын «Ай неге құлап кетпейді?», «Аспанның түсі қандай?», «Күн неге күркірейді?» жəне т.б. сансыз сұрақтарына қалай жауап беремін деп бас қатырмайсыз. Себебі «Сен білмейтін 50 дерек. Ғарыш» атты бұл кітапта ғарыш əлемі мен аспан денелеріне қатысты барлық сұрақтың жауабы бар.

Қадыр Мырза Əлі, «Балшықұлы Балшықбай»
«Балшықұлы Балшықбай» деген атпен құрастырылған бұл кітап 1 сынып оқушыларына əліппе кезеңінен кейін оқуға арналады.

Тұманбай Молдағалиев, «Қызыл-жасыл көбелек»
Тұманбай Молдағалиевтің балаларға арналған өлеңдері берілген. Жеңіл, қарапайым тілмен жазылған. Балаларға қызықты болары сөзсіз.

«Манас» Елдік пен ерлік эпосы
Көлемі жағынан əлемдік фольклорда теңдесі жоқ «Манас» қырғыз халқының шығармасы. Эпостағы Манас бейнесі — жат елдің зорлық-зомбылығына ұшыраған аз халықтардың елдігі мен ерлігінің, бостандық үшін күресінің символы іспеттес.

Тулин Көзікоғлу, «Арман керек адамға»
Біздің кейіпкеріміз Синанның да өз арманы болатын. Ол бала кезінен суретші болуды армандайтын. Алайда қолына қылқаламын алып, енді отыра бергенде бір іс дайын тұратын. Сөйтіп, сүйікті ісіне қанша көңіл бөлгісі келгенімен, уақыт өте берді, өте берді. Күндердің күнінде газеттегі хабарландыруды көзі шалып, жүрек түбіндегі арманы қайта оянды.

Баянғали Əлімжанов, «Абылай хан мен батырлар»
Қазақтың ұлы хандарының бірі Абылайдың өмірі — Отанға, халыққа адал қызмет етудің айқын үлгісі. Жастай жетім қалған Абылай ержүрек батыр, Жоңғария, Қытай жəне Ресей сияқты айбынды көршілермен мықты байланыс орнатқан басқарушы жəне талантты қолбасшы ретінде даңққа бөленген.

Жақау Дəуренбеков, «Шағала»
Қаламгердің жинағына енген дүниелері балаларға арналған. Повестер мен əңгімелердің өзегі өмірдің өзінен алынған дерлік-шынайы əрі шытырман оқиғалы боп келеді. Ертегілері де тəрбиелік мəнімен ерекшеленеді.

Марина ЕЛЕУОВА,
Ұлытау аудандық балалар кітапханасының библиографы.