ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен Жезқазған және Сәтбаев қалаларының санитарлық тазалығына қатысты дөңгелек үстел өтті. Жиынға қос қаланың әкімдері, депутаттық корпустың, пәтер иелері кооперативінің, «Сәт Тазалық» ЖШС, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен қоғамдық кеңес өкілдері қатысты.

Өңір басшысы кездесуде облысқа қарасты екі қалаға ортақ тазалық мәселесін шешудің маңызына тоқталды. Сонымен қатар, барлық тарапты тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.

Бұл ретте Ұлытау облысының әкімі Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына қала әкімдіктерімен бірлесіп, «Сәт Тазалық» ЖШС-ның шарт негізіндегі міндеттемелерінің сапалы орындалуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Оған қоса, кәсіпкерлік субъектілермен қоқыс шығаруға қатысты түсіндірме жұмыстарын күшейту міндетін жүктеді.

Санитарлық тазалық жұмыстарын күшейтуде Ұлытау облысы полиция департаментінің де жұмысы ауқымды. Өңір басшысы полиция қызметкерлерінің бақылауды күшейтіп, айнала тазалығын бұзған азаматтар жайында БАҚ-та ақпарат берудің маңызды екенін жеткізді.