Талап мектебі газбен жылытылады

Бұл – өңірде көгілдір отын берілген алғашқы әлеуметтік нысан. Осылайша Талап ауылындағы №14 жалпы білім беретін мектеп экологияға залалы жоқ әрі тиімді отынмен жылынбақ.

Аумағы 2383 шаршы метр болатын қос қабатты нысанға арналған жаңа қазандықтың іске қосылуы шарасына «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Бас директоры Бауыржан Асқаров арнайы келді. Облыстағы газ шаруашылығы нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бақылаған іссапар аясында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов биыл жыл соңына дейін Жезқазғанда тағы да бірқатар нысанның газбен қамтамасыз етілетінін жеткізді.
Орайы келгенде айта кетейік, Жезқазған қаласының іргесінде орналасқан Талап ауылындағы тұрғын үйлер 2021 жылдан бері көгілдір отынға қосыла бастады. Ал 390 балаға шақталған аймақтағы жалғыз мектеп қазандығы осы уақытқа дейін дизель отынымен жылытылып келген еді.

Ізбасар ОЙБАС.