ДҮБІРІ ДҮЙІМ ЕЛГЕ ЖЕТКЕН ДОДА дала өркениетін жаһанға жеткізді
Сонымен, 8 қыркүйек күні ел ордасы Астана қаласында V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары ресми түрде жалауын көтерді. Ел «Көшпенділер олимпиадасы» деп бағалаған дүбірлі дода бұл жолы бес құрылықтың басын біріктірді. Бұл байрақты бəсекеге тұңғыш рет қатысып отырған елдер де бар.
V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқан Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл аламанның əшейін жарыс емес, күллі əлемге дала өркениетін паш ететін айшықты шара екенін атап көрсетті.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс əкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мəдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дəуірінің Алтын адамдары – соның айқын дəлелі. Қазақ жерінен əл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сəулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мəдениеттің жақындасуына əсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде.
Орайы келгенде айта кетейік, «Астана Арена» стадионында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рəсіміне Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Білəл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі жəне басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Ашылу салтанатына арналған іс-шараға 3 мыңға жуық өнерпаз қатысты. Олардың арасында əлемге əйгілі əнші, жерлесіміз Димаш Құдайберген мен Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан мен Қырғызстанның Халық артисі Роза Рымбаева да болды. Салтанатты шараны 20 мың көрермен тамашалады. Ал, көшпенділер ойынында бақ сынауға 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
АСТАНАДАҒЫ ОЙЫНДАР ТУРАЛЫ шетелдік қонақтар не дейді?
Хоош. Сонымен, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Көптен күткен оқиға отандық қана емес, шетелдік туристердің де назарын аударды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғашқы күндерден бастап өз алаңына ондаған мың қонақты жинады. Олардың арасында көшпенділердің ерекше мəдениетімен танысу үшін Астанаға арнайы келген шет ел азаматтары да көп.
Джимми Нельсон Астанаға Голландиядан ұшып келген. Мұнда ол ойындар өтетін бес күн бойы болмақ.
— Біз Астанадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін бес күнге келдік. Бұл таңғажайып оқиға, мен мұндағы адамдардың сұлулығы мен қонақжайлылығына таң қалдым. Қазақстан сияқты ел өзінің бай мəдени мұрасын сақтауға жəне дамытуға көп қаржы жұмсайтыны таңқаларлық. Мұнда болу – бір мəртебе екен, мен мұндай мүмкіндікке дəн ризамын, – депті мейман БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Вероник пен Тим Бродбент Көшпенділер ойындарын көру үшін Франциядан ұшып келген.
– Біз Астанада болдық, бұл – бірегей оқиға. Бүкіл əлем Орталық Азияның орталығында жиналды. Əрине, бізге де осында келу бұйырды. Біз кеше, дəл ашылу күні келдік, бəрі керемет болды. Мұнда бəрі сондай тату-тəтті екен, – депті Франциядан келген қонақтар.
– Біз көшпелі спорт туралы бұрын-соңды ештеңе білмедік, білсек те өте аз ғана шығар. Бірақ қазір бұл біз үшін өте қызықты əрі көңілді, – деді испандық турист Кристина Прунелл.
Досы садақ атумен айналысатындықтан, аустриялық Малкольм Дауни көшпенділер ойындарына қызығушылық танытыпты.
– Біз Аустрияда тұрамыз, садақ атумен, яғни венгриялық садақ атумен айналысатын досымыз бар. «О, Мариан осымен айналысады, біз мұны міндетті түрде көруіміз керек» деп ойладық. Алғашқы əсеріміз осылай болды, – дейді мейман.
Астанадағы көшпенділер ойындары кезінде көрсетілген садақ ату сайысы Аустралиядан келген қонақты да таң қалдырды.
– Бүгін таңертең біз Венгр стиліндегі садақ атуды көрдік. Бұл өте керемет болды. Мен бүркітпен аң аулауды жəне көкпардан жарысты көргім келеді, – деді аустралиялық қонақ Элоди Гарриман. Орайы келгенде айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Астанада 5 этноауыл жұмыс істейді, олар «Қазанат» ипподромы, «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» паркі, «Бəйтерек» монументі жəне Орталық саябақ аумақтарында орналасқан.
Елорда тұрғындары, қонақтары мен ойын қатысушылары үшін этноауылдың барлық мəдени іс-шараларына кіру тегін. Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық жарыстарына тек билетпен кіруге болады.
КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ ЖАРЫСЫНДА Ұлттық құрамамыз көш бастап тұр
Басқа олимпиадалардан бəсіміз төмен болса да «көшпенділер олимпиядасында» қазақстандық спортшылар ерлеп тұр. Жарыстың алғашқы күндерінде-ақ суырылып алға шыққан Ұлттық құрама көш басында келеді.
Ойынның 4-ші күнінде біздің қоржынымызға 48 медаль түсті. Оның 21-і алтын, 10-ы күміс, 17-сі қола.
ҚР Туризм жəне спорт министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда Қазақстан ұлттық құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екінші жарыс күнін 14 алтын, 3 күміс, 8 қола медальмен аяқтапты. Атап айтқанда, қазақ күресінен бақ сынаған сегіз спортшының барлығы алтын медаль алған. Жамбы атудан «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен додада Азия стилінен жүлделі үш орынды да қазақстандық спортшылар жеңіп алды. Батыр Бексауыт – алтынға, Айтбек Сарыбай күміс жүлдеге ие болса, қола медальді Ералхан Айкөз еншіледі. Қазақстандық спортшылар аударыспақтан үш салмақ дəрежесінде де алтын медаль алды. 60 келіде Ермек Құралбай, 70 келіде Алмат Лəтіпбек, 80 келіде Дарын Өткелбай жеңімпаз атанды. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен ерлер мен əйелдердің əрқайсысы төрт салмақ дəрежесінде сынға түсті. Əйелдер арасында 48 келіде Айжан Жылқыбаева, 52 келіде Назерке Азаматова, 56 келіде Рауза Нұрмахамбетова, 60 келіде Бақыт Құсақбаева алтын медаль алды. Ал ерлер арасында 55 келіде Бекжан Төлепов, 60 келіде Мейіржан Берекетов, 66 келіде Дидар Тұқышев, 74 келіде Жұмажан Қожамбеков алтын медальға ие болды.
Көкпаршыларымыздың да қарқыны қатты. «Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпардан іріктеу кезеңінде Қазақстан Өзбекстанды 16-0 есебімен жеңді. Көкбөріден ұлттық құрама спортшылары АҚШ-тың ковбойларын да қақырата жеңіп, 18-0 есебімен айқын басым түсті.
ҰЛЫТАУЛЫҚ ҰЛАН мерейімізді үстем етті
«Алау» мұз айдыны сарайында кураштан, мас-рестлингтен жəне асық атудан бəсеке өтті. Кураштанқазақстандық 6 спортшы жүлдеге ие болды. Ал, Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен ерлер арасында 65 келі салмақта жерлесіміз Бірімжан Асылмұрат қола медаль иеленді.
Мас-рестлингтен ерлер арасында 65 келі салмақ дəрежесінде ұлытаулық ұлан — Бірімжан Асылмұрат үшінші орынға монголиялық спортшы Тцеренцогол Пуревсуренмен таласып, қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті. Осылайша, Асылмұрат V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қола жүлдесін қанжығалады.
Асылмұрат Бірімжан Ұлытау облысы полиция департаментінің қызметкері. Ол Ұлытау ауданы Шеңбер ауылында дүниеге келген. Жұбайы екеуі бір ұлды тəрбиелеп отыр. Жастайынан спортты жанына серік етіп, түрлі жарыстарда жеңіске жеткен.
АНЫҚТАМА ҮШІН АҚПАРАТ:
— Ұйымдастырушылардың мəліметінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тарихында халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынған. Жалпы, БАҚ-қа арналған аккредитацияға 64 елден 1185 өтінім түскен.
— «Ұлы Дала дүбірі» ұранымен өтіп жатқан халықаралық іс-шараға 1,5 мың ерікті тартылған.
— Астана төрінде өтіп жатқан дүбірлі додаға 89 елден 2 430 қатысушы тіркелген. Оның ішінде жаттықтырушылар, спортшылар, мəдени жəне ғылыми жобаларға қатысатын ғалымдар, зерттеушілер де бар.
— 2014 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан көшпелілер ойындарында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
— Медальдің жалпы саны – 581 дана.
— Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жүлде қоры – 250 млн теңге. –
Қонақтарды қабылдау үшін елордадағы 20 қонақ үй мен 331 көлік құралы жұмылдырылады. Қатысушылар үшін қонақ үйлерден спорттық нысандарға арнайы шатл басстар ұйымдастырылады.
Топтаманы əзірлеген
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.