Адам өмірін құтқарғаны үшін Теміртау тұрғыны ADAM BOL ұлттық сыйлығымен марапатталды

Теміртау тұрғыны Александр Шахов ADAM BOL AWARDS бірінші жаһандық қазақстандық сыйлығының лауреаты атанды. Сыйлықтың құрылтайшысы — Қазақстанның Тұңғыш Президентінің кіші қызы Әлия Назарбаева. Adam Bol қарапайым адамдардың игі істері мен ерліктеріне арналған.

«Біздің сыйлық кез-келген адамға ерлік арқылы бүкіл елге танымал болуға мүмкіндік береді. Осылайша, басқа адамдарға ең жақсы үлгі көрсету, олардың жүректерін жарықтандыру, жауапкершілік пен мейірімділікке итермелеу. Біздің сыйлығымыз — бұл тек марапат қана емес, бұл үлкен халықтық алғыс», — деп жазды Әлия Назарбаева өзінің Instagram-аккаунтында.

12 жеңімпаздың әрқайсысына ол өз атынан миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыстады.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың көктемінде өнеркәсіптік альпинистер Александр Шахов пен Андрей Лобов Атырауда келісімшарт бойынша қасбеттік жұмыстарды орындаған болатын. Олар біреудің айқайлап көмекке шақырғанын естіп, түтін иісін сезген. Еш кідірместен көмекке асыққан. Белгілі болғандай, сегізінші қабаттағы пәтер өртеніп, ішінде кішкентай бала мен әйел болған. Альпинистер алдыңғы есікті аша алмады. Содан кейін Александр шатырдан арқан лақтырып, терезе деңгейіне түсіп, жас ананың қолынан баланы алған. Содан кейін ол әйелді тағы бір арқанмен байлаған. Осылайша әйел көк түтінге оранған пәтерден шыға алды және терезе алды тақтайының шетінде тұрып, құтқарушысымен бірге өрт сөндірушілерді күткен. Андрей Лобов осы уақыт ішінде досы мен зардап шеккендерді сақтандырды.

Бұл оқиға бүкіл Атырауды дүр сілкіндірді. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдары бұл жағдай туралы мақала жазды. Журналистердің: «Өзіңізге қауіп төніп тұрғаны туралы ой болған жоқ па?» деген сұрағына ер адамдар: «Ойланатын несі бар? Адамдарды құтқару керек болды» деп жауап берді.

Adam Bol бірінші жаһандық қазақстандық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі 6 наурызда сағат 10.00-де КТК телеарнасында өтеді.