ӘРІПТЕСТІККЕ ЖОЛ АШАР ӘЛЕУЕТТІ САПАР
Ұлытау облысына Ресей Федерациясы Новгород облысының губернаторы жұмыс сапарымен келді. Андрей Никитин өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлымен кездесіп, арадағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-мәдени салаларды дамыту мәселелерін талқылады. Жиын барысында Ұлытау облысының әкімі ресейлік кәсіпкерлердің инвестор болып, жаңа құрылған өңірдің дамуы үшін ықпал етуіне ұсыныс білдірді.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Ұлытау облысының әкімдігі мен Новгород облысының Үкіметі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын. Ал өткен жылдың қыркүйегінде Астанада өткен INNOPROM QAZAQSTAN форумында 2023-2025 жылдарға арналған арнайы Жол картасын жасасты.
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жол картасын жүзеге асыру – өңірдің экономикалық көрсеткішін өндірістен өзге де салалар арқылы ұлғайтуға жол ашатынын жеткізді.
«Қос облыс арасындағы ынтымақтастықты білдіретін маңызды құжат аясында биыл мамыр айында біз экономикалық әл ауқаты жоғары облыстарыңызда болып, бірқатар нысанның жұмысымен танысқанбыз. Ал бүгінгі сіздердің сапарларыңызды әріптестіктің жалғасы деп білемін. Біздің облыста халықтың басым көпшілігі өндіріс пен өнеркәсіп орындарында қызмет етеді. Сәйкесінше, өңір экономикасының көрсеткіші «Қазақмыс», «Қармет», «Қазцинк» сынды ірі компаниялардың жұмысына тікелей байланысты.
Сонымен қатар, мемлекет оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын республикалық трассалардың құрылысына аса мән беріп отыр. Нәтижесінде, тауар айналымы артып, туризм дамиды. Осы орайда, сіздердің жергілікті кәсіпкерлерді инвестор болуға шақырамыз» – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
«Облыстарды дамытуда Новгородтың да, Ұлытаудың да алға қойып отырған мақсаты ұқсас. Мәселен, өңірге білікті кадрларды тарту, мамандарға жағдай жасап, барынша ұстап қалу, оларды жұмыспен қамту – біздің өңірде де өзекті. Жол картасының жүзеге асырыла бастауы мені қатты қуантады. Осылайша біз, білім, мәдениет саласын дамыту, әлеуметтік бағыттағы мәселелерді шешуде тәжірибе алмасамыз» – деді Новгород облысының губернаторы Андрей Никитин.