ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ – ӨҢІР ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды. Мақсат – ауылшаруашылығы мен агроөнеркәсіп саласы жоғары деңгейде дамыған өңірдің тәжірибесін алу. Сондай-ақ облыс әкімі теріскейдегі әлеуметтік, мәдени сала бағытындағы орындардың жұмыс қарқынын қарады.
Алдымен өңір басшысы Петропавл қаласындағы «Digital Urpaq» оқушылар сарайында, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-музыкалық драма театрында және құрылыс жұмысы енді жүргізіліп жатқан креатив орталығында болды. Облыс әкімі Солтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылығы саласынан бөлек, аталған орындардың да жұмыс істеу қарқынын енгізу маңызды екенінін жеткізді.
Сондай-ақ, Ұлытау облысының әкімі «Жасыл Солтүстік» ЖШС қарасты жылыжай кешеніне, ауылшаруашылығы техникаларын құрастыратын (CLASS) зауытта болды.
Сонымен қатар Қызылжар ауданындағы «Зенченко и К» кәсіпкерлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік нысандардың, суармалы егіншілік, сүт зауытының жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Берік Әбдіғалиұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау бағдарламасын Ұлытау облысында да іске қосу – өңірдің дамуына серпін беретінін жеткізді.