Ескерілген ел тілегі

Былтырғы жылы аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың тұрғындармен кездесуі барысында жаңа үлгідегі балалар ойын алаңын орнатуға өтініш түскен еді. Тұрғындар өтінішіне сәйкес, аудан бюджетінен қаржы қарастырылып, нәтижесінде жаңа ойын алаңдары бой көтеруде.



Мәселен, Ұлытау ауылының Мұқан Иманжан көшесінде балалар ойын алаңының құрылысы жүріп жатыр. Арнайы қоршаумен қоршалған алаңның бүгінгі күні төсеніші төселіп, ойын құрылғылары орнатылуда. Сондай-ақ, Қаныш Нұртазинов көшесінде де жаңа балалар ойын алаңы бой көтеретін болады. Ол үшін арнайы орын қарастырып, арнайы төсем жұмыстары жүргізілуде.

Егінді ауылында балалар ойын алаңын орнатуға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінгі төсеме тастары төселіп жатыр. Қоршау орнату, тартанды жабын жабу, ойын құрылғыларын орнату жұмыстары жүргізілетін болады. Жұмыстарды аяқтау мерзімі – ағымдағы жылдың 1 тамызы.

Атап өтетін жағдай Борсеңгір ауылында да маусым айында балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ашылған ойын алаңдарына тұрғындардың алғысы зор.

Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.