КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН 60 ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚ ҮЙЛІ БОЛДЫ

Осылайша, ұзақ жыл бойы кезекте тұрған азаматтарға Ұлытау облысында қоныс мәселесі шешілуде. Жыл соңына дейін Жезқазғанда жалпы 270 пәтердің құрылысын аяқтап, қолданысқа беру көзделіп отыр.

Жалпы облыс бойынша жыл басынан бері 135 отбасы өз баспаналарына қол жеткізіп үлгерді. Кілт табыстау рәсіміне қатысқан өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы игі шараның әлі де жалғасын табатынын жеткізді.

«Осы жылы облысымыздың барлық өңірін қоса есептегенде 36 мың шаршы метрге жуық тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Ол дегеніміз, 400-ге жуық баспана. Қазір бір Жезқазғанның өзінде 2000-ға жуық азамат үй кезегінде тұр. Мәселені осылай кезең-кезеңімен шешіп жатырмыз» – деді облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.

Айта кетейік, бүгін берілген пәтерлер Жезқазған қаласының батыс ауданында орналасқан. Қазіргі таңда аталған аумақтағы жылу мәселесін шешу үшін желілер тартылуда.