ЖЕЗҚАЗҒАНДЫ САПАЛЫ СУМЕН ҚАМТУ: КҮРДЕЛІ ЖОБА АЯСЫНДА СОРҒЫ СТАНСАЛАРЫ ДА ЖАҢАРТЫЛУДА
Жезқазғанға жерасты суын жеткізу үшін жаңадан тартылып жатқан құбырлардың ұзындығы 32 шақырымға жетті. Сондай-ақ Үйтас-Айдос су қабылдағышының салынғалы жөндеу көрмеген сорғы станциясы 56 жылдан кейін жаңартылып жатыр. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы еуропалық стандарттарға сай келетін жаңа құрылғыларды орнату жұмыстарын бақылады.
Қазіргі таңда қуаттылығы сағатына 2000 текше метр болатын үш жаңа сорғы мен оған қажетті жабдықтың барлығы жеткізілген. Міндеті – Айдос-Үйтас су қабылдағышынан келген тіршілік нәріне қысым беріп, су құбыры арқылы қалаға жөнелту.
«Бізде судың көлемі тәулігіне 48 мың куб бола бермейтінін ескеріп, бағдарламалау жүргізу қажет. Баланс сақталмаған жағдайда сорғылардың күйіп кету қаупі туындайды, орнату барысында осыны ескеріңіздер» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Айта кетейік, заманауи да қуатты сорғыларды орнату жұмыстары қыркүйекте аяқталуы тиіс. Ал жаңа құбырларды Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауыз суды тазарту орталығына дейін жеткізудің шекті мерзімі – қазан айы. Орталықта атқарылатын қосымша жұмыстарымен қоса есепке алғанда жоба жыл соңында толық аяқталып, 2025 жылдың орта шегінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік бар.