ҚОС ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: МАҚСАТ – ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жұмыс сапарымен Новгород облысына барды. Өңір басшысы жергілікті губернатор Андрей Никитинмен кездесіп, екі ортадағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-мәдени салаларды дамыту мәселелерін талқылады.
«Алдымен, шақырғандарыңызға алғыс білдіргім келеді. Өз тарапымыздан аймақпен танысып, білім, мәдениет, туризм саласының дамуын көзімізбен көріп, тәжірибе алмассақ деген ниетіміз бар. Себебі біздің облыс – өте жас. Серіктестік пен ынтымақтастық біз үшін маңызды» – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Ұлытау облысының әкімдігі мен Новгород облысының Үкіметі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын. Ал өткен жылдың қыркүйегінде Астанада өткен INNOPROM QAZAQSTAN форумында 2023-2025 жылдарға арналған арнайы Жол картасына қол қойылды.
Ұлытау облысынан келген делегация бірқатар жобамен, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы жобалармен танысты, сондай-ақ құрылыс колледжінде болды.
Тараптардың негізгі міндеті-істердің жағдайын бағалау және перспективаға нақты шешімдер қабылдау үшін негізгі трендтерді белгілеу.
Сондай – ақ, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов бастаған делегацияның сапары барысында Новгород Кремль аумағында Ұлы Отан соғысы кезінде Новгород жерін азат еткені үшін қаза тапқан Қазақстан Республикасының тумалары-жауынгерлерді еске алу үшін «Мәңгілік даңқ алауы» мемориалына гүл шоқтары қойылды.