«Тау барысы-2024» балуаны анықталды

Ұлытау ауданының 85 жылдығына орай, педагогтер мен білім саласының қызметкерлері арасында қазақ күресінен өткен «Тау барысы-2024» аймақтық турнирі жалауын ұлт ұясы – Ұлытауда желбіретті. Ұлытау облысы білім басқармасы мен облыстық білім мен ғылым қызметкерлері кəсіподағының қолдауымен, аудан əкімдігі мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген байрақты бəсекеге Жезқазған, Сəтбаев, Қаражал қалаларынан, Жəйрем кенті мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан 47 балуан қатысып, боз кілемнің шаңын шығарды.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан əкімі Аманжол Мырзабеков, облыстық білім қызметкерлерінің кəсіподағы төрағасы Марат Қоңырбаев арнайы қатысып, əр өңірден келген қатысушыларға сəттілік тіледі. Ұлытау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Əбжамалов жарысқа қатысушыларға бабалар дəстүрімен ақ батасын берді.
Күн ұзаққа созылған тартысты бəсекеде балуандар 6 салмақ дəрежесі бойынша белдесті. Сонан соң аталған салмақ дəрежесінде белдескендердің «мықтысы» анықталды. Ақырғы сəтте қазақ күресінің қыр-сырын мейлінше меңгергендер алға шығып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер санатына ілікті. Жарысқа Есілбай Өжкенов бастаған жоғары деңгейдегі төрешілер төрелік етті. Жүлдеге ие болған балуандарға жүлдені аудан əкімі Аманжол Мырзабеков пен облыстық білім қызметкерлерінің кəсіподағы төрағасы Марат Қоңырбаев тапсырды.
Сонымен, 60 келі салмақта үшінші орынды Архат Тұрар (Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейі, Сəтбаев қаласы), екінші орынды Мейрамбек Достияр (Тау-кен металлург колледжі, Жезқазған қаласы), бірінші орынды Нұрдос Ғалым (№1 мектеп-лицейі, Жаңаарқа ауданы) иеленді. 70 келі салмақта үшінші орынды Кемеңгер Жүсіп (№11 ЖББМ, Ұлытау ауданы), екінші орынды Ғалымжан Нарымбетов (№5 ЖББМ, Сəтбаев қаласы), бірінші орынды Баубек Байшат (аудандық оқушылар үйі, Ұлытау ауданы) жеңіп алды. 80 келі салмақта үшінші орынды Назымбек Серікбай (О.Жұмабеков атындағы тірек мектебі, Жаңаарқа ауданы), екінші орынды Айтуған Охан (Жəйрем кенті), бірінші орынды Серəлі Əбілқасым (Қарсақбай агротехникалық колледжі, Ұлытау ауданы) еншіледі. 90 келі салмақта үшінші орынды Еркенже Артықбай (Бизнес жəне көлік колледжі, Жезқазған қаласы), екінші орынды Нұржан Шагиров (Б.Амалбеков атындағы тірек мектебі, Жаңаарқа ауданы), бірінші орынды Аян Шахмұрат (Жоғары медициналық колледжі, Жезқазған қаласы) иемденді. 100 келі салмақта үшінші орынды Нұрəлі Наурызбаев (№14 ЖББМ, Жезқазған қаласы), екінші орынды Расул Дадиев (Манадыр негізгі орта мектебі, Жаңаарқа ауданы), бірінші орынды Думан Байнин (Абай атындағы №4 мектеп-лицейі, Сəтбаев қаласы) жеңіп алып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, 100 келіден жоғары салмақта үшінші орынды Бауыржан Сүлейменов (Тау -кен техникалық колледжі, Жезқазған қаласы), екінші орынды Елдияр Дүйсенбин (Талдыбұлақ ЖББМ, Жаңаарқа ауданы), бірінші орынды Аян Еламан (Жоғары медициналық колледжі, Жезқазған қаласы) иеленді.
Жеке салмақ категориялары аяқталған соң, «Тау барысы» атағына үміткерлер белдесті. Бұл тартыстың бəсі анағұрлым жоғары болды. Балуандар қарсыластарын алып та, шалып та жығып жатты. Əлбетте, əдісін асырып, мерейі тасығандармен қоса есе жіберіп сан соғып жатқандары да кездесті. Мұндайды қазақ «Күш атасын танымас» дейді. Сөйтіп, шешуші сəтте үшінші орын Думан Байнинге бұйырды. Екінші орын биігінен Расул Дадиев көрінді. Ал, бірінші орынды иемденіп, «Тау барысы-2024» атағын жаңаарқалық Елдияр Дүйсенбин жеңіп алып, жеңімпаз атанды. Жеңімпаздың беліне арнайы белдік тағылды. Сонымен қатар, жүлдеге ие болғандарға тиістілігіне сəйкес дипломдар мен қаржылай сыйақылар табысталды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.