АПАТТЫ ҮЙ СҮРІЛІП, ОҚУШЫЛАР ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Ұлытау облысының әкімі қаланы аралау барысында атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Жезқазған қаласындағы Деев көшесінде апатты деп танылып, ұзақ жыл тұралап қалған бес қабатты үйдің орнын оңтайлы пайдалану мақсатында жарамсыз нысан қазіргі уақытта сүріліп жатыр. Аталған жұмыс мамырда аяқталады.

Демонтаж жұмысын қадағалау барысында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аумақты қоршауды, қауіпсіздік белгісін орнатуды тапсырды. Алдағы уақытта мекенжайға жаңа құрылыс салу көзделген.

Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, аталған жұмыстар аяқталған соң биыл адамдарға жүретін жол қарастырылып, тротуар жасалуы тиіс.

Сонымен қатар, облыс әкімінің аралау жұмысы барысында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 200 орындық жатақханасы шілденің ортасында аяқталып, жаңа оқу жылында толықтай қолданысқа берілетіні айтылды. Үш қабатты ғимараттың құрылыс барысын қадағалаған облыс әкімі нысан аяқталған соң құжаттарын рәсімдеуде де шапшаңдық танытуды тапсырды.

Оқушылар үйінде жатын бөлмелерінен бөлек әр қабатта ас бөлмесі, оқу залы, әр секцияда жуыну бөлмесі қарастырылған.