ҒЫЛЫМҒА ЖОЛ АШАТЫН КӘСІПОРЫНДАРДЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ – БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы сирек кездесетін металдар саласындағы өңірдегі бірегей кәсіпорын – «Жезқазғансирекмет» ШЖҚ РМК жұмысымен танысты. Мамандардың айтуынша ол – тәуелсіз мемлекеттер достастығы бойынша техникалық және технологиялық тараптан аэроғарыш және мұнай-химия өнеркәсібінде қолданылатын рений мен осмий изотоптарын өндіретін ең ірі орын.

«Жезқазғансирекмет» басшысы Нариман Әбілқанов өңір басшысына кәсіпорынның құрылу тарихымен қатар, корпорациядағы шикізатқа тәуелділік, қаржылық тұрақсыздық пен кадрлардың тұрақтамауы аясындағы мәселелерді жеткізді.

Кәсіпорын басшылығы қазіргі таңда оны қайта форматтау үшін жұмыс атқаруда. Осылайша, шикізатқа тәуелділіктен бас тарту шеңберінде қайталама шикізатты (рений) қайта өңдеу технологиясы әзірленіп, енгізілді. Ол үшін «Жезқазған» ШЖҚ РМК жоғары маркаға (АР-0-ден АР-00-ге дейін) көшуді және никель-кобальт және вольфрам-тантал концентраттарын алуды көздейтін 1 млрд 780 млн теңге сомасына мемлекеттік инвестициялық жоба әзірленді.

Облыс әкімі өз кезегінде аталған инновациялардың маңызды тұстарын атады. Өңір басшысының айтуынша өндірісті кеңейту және өнімдерімізді экспортқа шығару үшін мұндай ғылымға жол ашатын кәсіпорындарды қолдау қажет.