Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы құрылыстың жай-күйін бағамдады
Биыл Жезқазғанда бас-аяғы 240 пәтердің құрылысын аяқтау жоспары тұр. Гагарин көшесінде құрылысы басталып жатқан қос үй де соның қатарында. Қолға алынған жобаны арнайы бақылаған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы үйлердің айналасын абаттандыру жұмыстары құрылыспен қатар жүргізілуі қажет екенін айтты.
«Үйлердің аумағын асфальттап, оған балалар және спорт алаңын орнату, жарықшамдар қою жұмыстары жауын-шашын басталмай тұрып аяқталсын. Биыл үйді қабылдап алғанда алаңы бірге жасақталған болуы қажет. Аталған жұмыстарды келесі жылға қалдырмауды, тұрғындарға қолайсыздық тудырмау үшін биыл аяқтауды тапсырамын» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Гагарин көшесі 70/1, 70/3 мекенжайындағы үйлердің бірін «Самға» ЖШС, енді біреуін «АстанаПремиумСрой» ЖШС қолға алуда. Әрқайсысы 30 пәтерден болатын қос үй де жыл соңында аяқталып, кредиттік бағдарламамен келер жылы наурызда табыстау жоспарда тұр. Басымдық кезекте тұрған отбасыларға берілмек.