«САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСТАР» САПҚА ТҰРАДЫ

Жезқазғанда ұзақ жылдан бері құрылысы тұралап қалған нысандар мәселесі біржақты болмақ. Бүгін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жолдыбаев Байқоңыров көшесіндегі 320 орындық балабақша болуы тиіс ғимарат пен апатты үй деп танылған бес қабатты нысанға арнайы барды.

Іргетасы 2012 жылы қаланып, аяқсыз қалған ғимараттың қайта жанданған құрылысын қадағалау кезінде облыс әкімі балабақшаны алдағы оқу жылында іске қосу міндетін жүктеді.

«Қаржылық мәселе жоқ. Шілдеде нысан толықтай аяқталып, тұтас жабдықталған қалпында қолданысқа берілсін. Білім басқармасы балабақшада жұмыс істейтін мамандарды маусымнан қалдырмай жасақтай бастауы қажет. Қайта рәсімдеу жұмыстарын дереу аяқтап, кезекте тұрған бүлдіршіндерді 1 қыркүйектен қалдырмай орналастыруды тапсырамын» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Қазіргі таңда құрылыстың инженерлік желілері 70-80 пайызға дайын. Электрлік, сантехникалық жұмыстар аяқталуға жақын. Кейін ішкі әрлеу жұмыстары басталады. Ішін жиһазбен, мүлікпен жабдықтау үшін мердігер анықталды.

Гагарин көшесінде дәрігерлерге берілуі тиіс болған бес қабатты үй ғимараты апатты деп танылуына байланысты тұралап қалған. Белгілі болғандай, нысан биыл сүріліп, орнында келесі жылы жаңа жоба қолға алынбақ.