КІТАП ҚОРЫ 2500-ДЕН АСАТЫН ЗАМАНАУИ ДҮКЕН АШЫЛДЫ

Бүгін Ұлытау облысында коворкинг орталығы мен жұмыс істеуге арналған арнайы орны бар тұңғыш кітап дүкенінің тұсауы кесілді. Ашылу салтанатында өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы авторлық жинақтарын тарту етіп, дүкеннің рухани орталыққа айналуын тіледі.

«Кітап – айнымас асыл дос. Кәсіптің мұндай түрін бастау – үлкен жауапкершілік. Облыс тұрғындарының рухани баюына, кітапқұмар орта тәрбиеленуіне мұрындық болуларыңызды тілеймін» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Қазіргі уақытта дүкенде 2 зал, жұмыс істеуге арналған орын, 2500-нан астам кітап қоры және аумағы 20 шаршы метр болатын коворкинг орталық бар.

Дүкен иесі Мағжан Қаражігітовтің айтуынша алдағы уақытта оқырмандар үшін дүкенде шағын кофехана қарастыру жоспары тұр.