СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ САЛДАРЫН ЖОЮ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС ӨТТІ

Аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың төрағалығымен су тасқынының салдарын жою жөнінде кеңес өтті. Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім басшылары, Жезді, Ұлытау, Қоскөл, Шеңбер, Аманкелді ауылдарының әкімдері қатысса, қалған ауыл әкімдері қашықтан қатысты. Алдымен аудан басшысы су тасқыны кезеңінде ел игілігі мен қауіпсіздігіне сауатты, әрі адал еңбектері үшін тиісті сала басшылары мен кент, ауыл әкімдеріне алғысын білдіріп, қай уақытта да бірлесіп атқарған істің нәтижесі жоғары екенін атап өтті.

«Көктемгі су тасқыны біздің өңірде ғана емес, еліміздің басым бөліктерінде орын алды. Көктемгі су тасқынының алдын алуға бірнеше жиын мен арнайы жаттығулар өтті. Сондай-ақ, аудан тұрғындарына, шаруа қожалықтарына су басу қаупі туралы алдын-ала хабарланып, арнайы ескерту парақшалары да таратылды. Аудан орталығында ақпан айының соңында төтенше жағдай жарияланып, тиісті деңгейде қар сыртқа шығарылды. Жоспарлы түрде жұмыс ұйымдастырудың нәтижесінде су басу қаупі орын алған жағдайлардың басым бөлігін аман алып қалдық. Әсіресе, Сарысу ауылында су басу қаупі жоғары деңгейде болса да ауыл азаматтары мен әкімдіктің бірлесіп жұмыс жүргізу нәтежиесінде ауылды су басу жағдайы орын алған жоқ. Осындай қиын жағдайда көмек көрсеткен облыс басшылығы мен Қазақмыс корпорациясының басшылығына алғыс білдіремін » – деді аудан басшысы.

Жиын барысында Талдысай елдімекені мен Жезді кентінде су басқан тұрғын үйлер бойынша облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының тапсырмасына сәйкес, шығын көлемін анықтап, тез арада тұрғындарға көмек көрсету, Аманкелді, Шеңбер, Терісаққан ауылдарына қатынайтын көлік жолдарын қысқа уақытта қалпына келтіру жұмыстары нақтыланды.

Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.