ЖОЛ ҚАТЫНАСЫ ҚАЛЫПҚА КЕЛЕДІ

Шеңбер ауылдық округінің орталығы Қорғасын елдімекенінің Ащылысай учаскесі тасқын судан зардап шеккендіктен, халық уақытша айналма жолмен қатынауда. Ауылға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі жолдың су шайып кеткен тұсын қалыпқа келтіруді, негізгі жолды ашуды сәуір айында аяқтауды тапсырды.

«Уақыт жоғалтпай, қолда бар барлық ресурсты пайдаланып, жолдың ашық тұрған жерін қалыпқа келтіру қажет. Қанша құбыр, материал керектігін дереу анықтап, жұмысты жеделдетуді тапсырамын. Халықтың қатынауына мүмкіндік қарастырылсын» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Аталған учаскені қалыпқа келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды.

Айта кетейік, Жезқазған-Петропавл республикалық автомобиль жолының екі жылға жоспарланған 143-163 шақырымдар аралығының жұмыстары биыл аяқталады. Яғни, «Көкбұлақ» қыстағына дейінгі жолдың орташа жөнделген тұсы қолданысқа беріледі. Сонымен қатар , республикалық маңызы бар «Жезқазған-Петропавл» тас жолының 163-193 шақырымында  конкурстық рәсімдер жүргізілуде.