СУ БАСУДЫҢ АЛДЫН АЛУ: ТҮНГІ КЕЗЕКШІЛІК КҮШЕЙТІЛЕДІ

«Қызыл су басып жатқан жолдарда қажет болса, Полиция Департаментімен бірлесіп автокөлік қатынасын шектеу қажет. Адам қауіпсіздігі – бірінші орында. Елдімекендер тұрғындарын азық-түлікпен қамту, шұғыл жағдайда қатынауына Төтенше жағдайлар департаментімен бірге керекті көмек қолын созуды тапсырамын» – осылай деп бүгін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы су тасқынына байланысты өткен жедел кеңесте қала, аудан әкімдеріне тапсырма берді.

Сондай-ақ өңір басшысы кезекшілік жұмыстарын түнгі мезгілде күшейту міндетін алға қойды.

Атап айтар болсақ, Ұлытау ауданында Сарлық ауылына баратын тас жолдың үстімен еріген қар суы ағып жатқандығы туралы хабарлама түскен. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен мәселе дер кезінде қолға алынып, жол жиектеріне қапшықпен құм қойылып, жолды су шаю қаупі сейілді. Қазіргі уақытта еріген қар суының ағып жатқан аумағы ені — 100 метр, тереңдігі — 20-25 см болады.

Сондай-ақ, Қорғасын ауылына кіреберіс 0-27 шақырым жолының 6,5 шақырымында су құбырының өткізу қарқыны жетпей тас жолдың үстінен еріген қар суы ұзындығы 40 метр, тереңдігі 50 см асып ағып жатыр. Елді мекенге қауіп жоқ.

Аталған аймақтар бойынша үздіксіз кезекшілік кестесі қойылған. Өту қажеттілігі туындаған жағдайда адамдарды сақтықпен өткізу мүмкіндігі бар.

Көктемгі су басу қаупі сейілген соң бұзылған жол толықтай қалпына келтіріледі.