Қымбатты ұлытаулықтар!

Күн мен түн теңеліп, Жер-Ана жаңа күйге еніп, тіршілік атаулы оянып, айнала мəре-сəре болатын Ұлыстың ұлы күні – жыл бастауы əз-Наурыз баршаңызға құтты болсын!

Ежелден барша түркі жұртына жəне Шығыс халқына ортақ, бес мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы – береке мен бірліктің, молшылық пен тоқшылықтың мерекесі.
Бұл күнге де аман-есен жеттік деп қуанған халық бір-бірімен қуана көрісіп, өкпе-ренішті ұмытып, бір қазаннан наурызкөже ішіп, тойлатқан.
Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызды. Қыстан қысылып шыққан ағайынға дем беріп, қайырымдылық көрсетті.
Бүгінгі күні де осы дəстүрлеріміз ұмытылмай, керісінше, қайта жаңғырып, жанданып келеді.
Қазіргі таңда Наурыз мейрамын тойлаудың басты мақсаты — қоғамды біріктіру, қазақ халқының ұлттық бірегейлігі мен мəдени ерекшелігін сақтау жəне насихаттау үшін жағдайлар жасау. Биыл елімізде Наурыз мейрамы жаңа форматта, жаңа тұжырымдама негізінде он күн тойланбақ. Ол — жаңару идеясына негізделген, үлкен идеологиялық əлеуетке ие мереке ретінде отбасы мен қоғамды біріктіретін құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Ардақты ағайын!
Ұлыстың ұлы күні – əз-Наурыз елімізге тыныштық, жерімізге молшылық, əрбір отбасына бақ-береке, ырыс-құт əкелсін деп тілеймін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз құтты болсын!

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы.