БАҒДАРЛАМА – ДАМУ ТЕТІГІ
Жезқазғандағы саябақтар, скверлер мен аллеяларды күтіп ұстайтын арнайы мекеме құрылды. Бүгінде «Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы» КМҚК-на штат саны бөлінген, осылайша облыс орталығының көгалдандыру жұмыстары күшейтіледі. Бұл жайында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Жиында қала әкімі Қайрат Шайжанов Жезқазған қаласының даму бағдарламасын кеңірек таныстырды.
Атап айтар болсақ:
- «Қазақмыс» корпорациясымен меморандум шеңберінде қайта жаңартылып жатқан Металлургтер алаңы маусым айында қолданысқа беріледі;
- 21 ойын алаңын салу жұмыстары аяқталады;
- 18 спорт алаңын орнату жоспарланып отыр;
- 28 тұрғын үйдің қасбеті күрделі жөндеуден өтеді;
- Ашық үлгідегі 10, жабық секциялы 19 аялдама орнатылады; мемлекет меншігін сақтау мақсатында барлық аялдамаға бейнекамера орнатылады.
- 49 көшенің жолы орташа жөндеуден өтеді;
- Алашахан көшесі 34Ж мекенжайындағы жалдамалы үй құрылысы наурыз, Алашахан көшесі 34М мекенжайындағы несиелік тұрғын үй желтоқсан айында аяқталады;
- Гагарин көшесі 70/3 көпқабатты 30 пәтерлі тұрғын үй желтоқсанда аяқталады;
- Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 53 пәтер сатып алынады;
- 320 орынға арналған денешынықтыру және сауықтыру кешені қазанда;
- «Намыс» СК балалар мен жасөспірімдер академиясы желтоқсанда қолдануға беріледі.
Одан бөлек, Жезқазған қаласын жылумен, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, газдандыру жұмыстары жалғасады.